«Ауыл» партиясы Мәжіліс сайлауында қандай мәселелер көтереді – Әли Бектаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев Мемлекет басшысының бүгін жолдаған үндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын өткізу шешімін жария етті. Бұл шешімді «Ауыл» партиясы толық қолдайды. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қазіргі жасалып жатқан қадам коронавирус пандемиясында болып жатқан қиындықтарға қарамастан қазақстандықтарға өз конституциялық сайлау құқығын пайдалануға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл сайлау ерте емес, кеш емес, өзінің конституциялық мерзімінде өтейін деп жатыр. Оның өз ерекшеліктері бар, партиялар үшін де, сайлауға қатысатын барлық электорат үшін де заңға сәйкес толық дайындыққа да, қатысуға да, дауыс жинауға да мүмкіндік беріледі деген сөз», - деді Әли Бектаев елордада тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге, партия төрағасы бұл сайлауда көптеген өзгерістер орын алғанын еске салды.

«Біріншіден, Қазақстанда алғаш рет 30 пайыздық әйелдер мен жастар квотасы енгелі отыр. Мұны да жастар мен әйелдер үшін өте үлкен мәселе деп есептейміз. Екінші мәселе – тиісті заңдарға Парламент ішіндегі оппозиция туралы, олардың құқықтары мен мүмкіндіктері толық жазылған өзгеріс енгізілді. Үшінші жаңалық – жергілікті жерлердегі мәслихат депутаттары да партиялық тізіммен сайланатын болады. Яғни, бұрынғыдай бір партияның тізіміндегі адамдар емес, басқа да партиялардың мүшелері жергілікті мәслихаттарда өз даусына ие болып, жергілікті проблемаларды шешуге атсалыса алады. Биылғы сайлаудың осындай ерекшеліктері көппартиялы Парламентті жасақтауға мүмкіндік береді деп сенеміз. Ол үшін сайлау мен дауыс санағы кезінде тазалық пен әділдік керек. Бұл мәселені де Президент өз бақылауына алып отыр», - дейді Ә. Бектаев.

«Ауыл» партиясының құрамында жастар мен әйелдердің үлесі 42 пайызды құрайды.

«Алдағы уақытта партияның съезі сайлауға қатысу туралы шешім қабылдап жатса, партия мүшелері арасынан заңға сәйкес 30 пайыз көлемінде жастар мен әйелдерді тауып, додаға қоса аламыз деп ойлаймын. Осының барлығын ескере отырып, «Ауыл» партиясы бұл сайлаумен көп мәселені байланыстырғысы келіп отыр. «Ауыл» партиясында да депутат болып, халқы үшін қызмет етуге дайын азаматтар, ауылмен өз тағдырын байланыстырып жүрген тұлғалар көп. Меніңше, бұл сайлау көптеген партиялар үшін, сайлаушылар үшін тарихи маңызды кезең болғалы тұр», - деді Әли Бектаев.

Сайлауға қатысу үшін партияның өз бағдарламасы болады, ол партияның алдағы съезінде қабылданады. Сол платформада партияның нақты жоспарлы жұмыстары жарияланады.

«Негізгі басымдық әрине ауыл шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне түседі. Себебі, ол жерде шешілетін мәселе көп. Ауыл шаруашылығы қазір алдыңғы қатарға шығып тұр, аграрлық сектордың ең қажетті сала екенін қазіргі пандемияның өзі көрсетті. Азық-түліксіз өмір жоқ, азық-түліксіз денсаулық жоқ. Олай болса, қымбат көліктен, қымбат үйден және қымбат шаралардан гөрі таза органикалық азық-түліктің көп болуы халқымыз үшін әлдеқайда пайдалы. Ол үшін ауыл шаруашылығы жұмыс істеуі керек», - деді Әли Бектаев.

Бұдан дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялады.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды. Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар