«Ауыл» партиясы: 10 жыл бойы футболға бөлінген ақшаға 500 ауылдың жағдайын жақсартуға болар еді
2020 жылғы 16 қараша 17:44

«Ауыл» партиясы: 10 жыл бойы футболға бөлінген ақшаға 500 ауылдың жағдайын жақсартуға болар еді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл» ХДПП мүшесі Анас Баққожаев жақтастарымен тиімсіз бағдарламаларға миллиардтап қаражат бөлгізуді тоқтатқалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел аманаты» сауалнамасын өткізген уақытта халық ауылдағы ауыз су мәселесін, жолдың сапасына қатысты шағымдарын айтып жатыр. Бұл мәселелерді шешудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, «Ауыл» партиясы ауылды аймақтарды дамытудың моделін ұсынады. Сонымен бірге ауыл-аймақтарды дамыту бойынша стратегиялық құжат дайындаймыз. Естеріңізде болса, 2004-2010 жылдары «Ауыл-аймақтарды дамыту бағдарламасы» іске асырылған болатын. Соның шеңберінде ауылдардың бәрін де құжаттап, не бар, не жоғы анықталған. Соңынан осы бағытта тіпті комитет құрылған еді. 2010 жылдан бері бағдарлама ұмытылып кетті. Комитет қазір жоқ. Осының бәріне қалпына келтіру керек деп ойлаймыз», - деді Анас Баққожаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Партия мүшесі ауылдарға бюджеттен қаражат бөлінуі керектігін мәлім етті.

«Ақша табу қиын заман десек те, бюджетте мұндай мүмкіндік бар. Қазір тиімсіз, қоғамға керегі жоқ бағдарлама өте көп. Бір футболдың өзіне кейінгі 10 жылдың ішінде 300 млрд теңгеге дейін демеушілерден көмек көрсетілген, Үкімет тарапынан ақша бөлініп жатыр. Сол қаражатқа кем дегенде 500 ауылдың жағдайын жақсартуға болар еді. Сондықтан партия тиімсіз бағдарламаларды анықтап, үнемделген ақшаны тек ауылдың инфрақұрылымын түзеуді ұсынып отыр», - деді ол.

Айта кетсек бүгінгі баспасөз мәслихатында «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының нәтижесін жариялаған болатын.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT