Ауыл мұғалімдеріне коммуналдық қызмет үшін берілетін өтемақы реттеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасына енгізілген ұсыныстар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз, білім қызметкерлері кәсіподағының өкілдері ретінде кәсіподақ мүшелерінен 300-ден астам ұсыныс қабылдадық. Жұмыс тобына ұсынғанымызда барлық бастамалар қолдау тапты. Жұмыс тобы ҚР Президенті Білім және ғылым министрлігіне тапсырма бергеннен кейін бірден жұмысын бастады. Қазіргі таңда жұмыс тобында 48 адам жұмыс істейді. Бұл заң жобасы ғана, яғни заңның соңғы нұсқасын білдірмейді. Қазір ол толықтырылып, пысықталып жатыр», - деді ол ҚР Білім және ғылым министрлігінде өткен басқосуда.

Оның айтуынша, тиімді заңды қабылдау үшін әрбір қазақстандықтың аталмыш заң жобасына үн қосқаны маңызды.

«Мұғалімнің игілігі үшін бәріміз де атсалысып, заңды бірге талқылауымыз керек. Бұл заң Мәжілісте талқыланғаннан кейін ғана қабылданады. Мен сондай-ақ біздің құрметті ұстаздар қауымы мен ата-аналарға жұмысқа белсенді қатысыңыздар, өз ұсыныстарыңызды жіберіңіздер деп айтқым келеді», - дейді ол.

Заң жобасының шеңберінде нақты ұсыныстар туралы айтқан Айгүл Мұқашева білім беру процесінде материалдық жағынан қамтамасыз ету, мұғалімдердің әлеуметтік кепілдіктері тұрғысынан көптеген ұсыныстар келіп жатқанын атап өтті.

«Мұның бәрін біз жұмыс тобының қарауына шығардық. Қазір барлық ұсыныстар заң жобасында бар. Әлеуметтік кепілдіктер туралы айтар болсақ, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының қазіргі заңындағы мұғалімнің мәртебесі туралы 7 тарау толық деңгейде жұмыс істемей тұр. Себебі, әлеуметтік кепілдіктер жергілікті атқарушы органдардың қарауына берілген», - дейді Айгүл Мұқашева.

Кәсіподақ өкілінің айтуына қарағанда, ауылды жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдер үшін - коммуналдық қызметтерді өтеу, қалалардағы мұғалімдермен салыстырғанда 25 пайызға жоғары жалақы беру жеңілдіктері бар.

«Бүкіл Қазақстан бойынша ауыл мұғалімдеріне қаладағыдан гөрі 25 пайыз артық ақша беру орындалғанымен, коммуналдық және медициналық қызметтерге қатысты жеңілдіктер толық орындалды деп айта алмаймыз. Мәселен, Алматы мен Қызылорда облыстарында мұғалімдер өз қаражаты есебінен медициналық тексеруден өтеді, себебі жергілікті бюджетте бұл үшін қаражат қарастырылмаған», - дейді ол.

Айгүл Мұқашева өтемақы тұрғысынан Солтүстік Қазақстандағы мұғалімдердің мәселелерін де атады.

«Солтүстік Қазақстанда тұратын мұғалімдерді алатын болсақ, олардың өтемақысының мөлшері бар-жоғы 1300 теңге ғана. Мұнда мұғалімге 1,3 мың теңге беріледі де, ал көмірдің тоннасы 18 мыңнан 24 мың теңгеге дейін болады. Бұл мәселені бірнеше рет көтерген едік. Менің ойымша, коммуналдық қызметтер үшін өтемақы мұғалімдер тұратын облыстың аймақтық ерекшеліктеріне қарай берілуі керек», - деп қорытындылады ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылы Қазақстанда «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін айтқан еді.

Айта кетерлігі, БҒМ-дағы бүгінгі басқосуда заң жобасы бойынша еңбек етіп жатқан жұмыс тобы мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тартқандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар