Ауыл мектептерінің жан басына қаржыландыруға қашан көшетіні белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауылдық жалпы білім беретін толық жинақталған мектептердің жан басына қаржыландыруға көшуі республикалық бюджеттен едәуір қаражат бөлуді талап етеді. Бұл жайында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап республиканың 1 595 қалалық толық жинақталған мектебінде толық ауқымды жан басына қаржыландыру енгізілді және еңбек ақы төлеу, коммуналдық қызметтер, күрделі шығыстар, байланыс қызметтері, сондай-ақ мұғалімдер үшін ынталандыру қорын қалыптастыруға арналған шығыстарды қамтиды. 2013-2017 жылдар аралығында 5 өңірдің (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарында) 30 ауылдық мектебінде жан басына қаржыландыруды сынақтан өткізу жүргізілгенін атап өту қажет. Пилоттық жоба қорытындысы бойынша жан басына нормативтік қаржыландыру енгізілген ауылдық мектептерде сыныптардың төмен толымдылығына байланысты олардың жұмыс істеуі, оның ішінде қызметкерлердің жалақысы бойынша шығыстар өтелмеді», - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Мәселен, оның атап өтуінше, жобалық қуаты 120 орындық ауылдық мектеп толымдылығы шамамен 80 адамды құрайды. Егер сметалық ұстау кезінде қаржыландыру сомасы жылына 64 млн теңге болса, онда жан басына нормативтік қаржыландыру кезінде қаржыландыру көлемі 36,2 млн.теңгеі (56,5 пайызға кем) құрады. Бұл ретте, мектептің жұмыс істеу шығыстары өзгеріссіз қалды.

«Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі ауылдық жалпы білім беретін толық жинақты мектептерге тиісті түзетулері бар әдістеме жобасын (ауылдық жердегі жұмысы үшін қосымша ақы) дайындады. Бұл ретте, ауылдық жалпы білім беретін толық жинақталған мектептердің жан басына қаржыландыруға көшуі республикалық бюджеттен едәуір қаражат бөлуді талап ететінін атап өткен жөн. Өйткені көшу кезінде барлық мектептерді қаржыландыру көлемін теңестіру жүзеге асырылатын болады. Мәселен, қалалық толық жинақты мектептерде ғана жан басына қаржыландыруды енгізу республикалық бюджеттен 213,6 млрд теңге сомасында қосымша қаржыландыруды талап етті (2021 жылға – 70,3 млрд теңге; 2022 жылға – 73,1 млрд теңге; 2023 жылға – 70,2 млрд теңге). Осылайша, республикалық бюджет қаражатын тиімді пайдалану және ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында ауылдық жалпы білім беретін толық жинақты мектептерді жан басына қаржыландыруға көшіру мәселесі білім беру саласындағы құзыретті аудандық деңгейден облыстық деңгейге бергеннен кейін қаралатын болады», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар