Ауыл мектептерін жабуға болмайды – Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өтіп жатқан Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шалғайдағы мектептерді ойланбай жаба беруге болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде жалпы білім беретін 7 014 мектептің 128-і үш ауысыммен жұмыс істейді. 31 мектеп апаттық жағдайда. 2019-2020 жылдар аралығында үш ауысымды оқытуды жойып, апаттық мектептерді алмастыру үшін республикалық бюджет есебінен 35 мектеп салынады. Тәуелсіздік жылдарында 1 198 мектеп салынған. Біз демографиялық тенденцияларды ескере отырып, мектептер салу және жаңғырту ісін әрі қарай да жалғастырамыз», - деді Президент өз сөзінде.

Ол сондай-ақ, шалғайдағы ауылдардың көбі мектептердің арқасында тарамай отырғанын айтты.

«Білім және ғылым министрлігіне мектеп құрылысына кететін қаржыны жоспарлау жүйесін қайта қарау керек. Нақты айтсақ, нысандық жоспарлаудан нормативтік жоспарлау жүйесіне көшу қажет. Өңір әкімдері жаңа мектеп салу немесе жөндеуді жоспарлау кезінде демографиялық және миграциялық жағдайды ескергені абзал. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жеке меншік мектептер салу жағын қарастыру қажет. Шағын комплектілі мектептерді тиімді дамыту маңызды мәселе. Көптеген шалғайдағы елді мекендер сондай мектептердің арқасында құрымай тұр. Сондықтан мектептерді ойланбастан жабуға болмайды. Мұндайда келешегі айқын елді мекендерге басымдық бере отырып, жан-жақты шешім шығарған жөн. Әрбір шағын комплектілік мектептің ахуалы ауыл тағдырымен тікелей байланысты. Ал ауыл – біздің алтын бесігіміз, ата-бабамыздың мекені, терең тарихымыздың куәсі. Сондықтан оны сақтап қалуымыз керек», - деді Президент.

Еске салсақ, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Тамыз конференциясы өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілін оқыту қай сыныптардан басталатынын айтты. Конференция барысында Мемлекет басшысы барлық педагогтардың еңбек демалысы 56 күнге дейін болатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар