Ауыл – ел бесігі жобасында жұмыспен қамту бойынша жоспар жоқ – Альберт Рау

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ауыл – ел бесігі» жобасында тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша нақты жоспар жоқ. Бұл мәселені Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдардағы ең өзекті мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы елдегі ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейі 4,8% болған. Ауылда жұмыспен қамтылғандар саны 3,6 млн адамды құрады және 2019 жылмен салыстырғанда 2,7%-ға төмендеу бар. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны шамамен 1,2 млн адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 34%-ын көрсетті. Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты және жұмыссыздарды тарту бойынша серпіліс пен айқын жоспарлар жоқ», - деді А. Рау Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында».

Депутат – «Ауыл – ел бесігі» жобасында «Бәйтерек» холдингі арқылы аграрлық бизнесті қаржыландыру, «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы – 2025» арқылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту шаралары жазылғанын атап өтті.

«Бұл тапсырма қанша орындалады әлде бұл жай ғана декларация ма? Бұл өте маңызды сұрақ. Қалаға қарағанда жұмыссыздық деңгейі едәуір жоғары ауыл жастарына баса назар аударған жөн. Сондықтан қазір ауыл жастары көбіне жақсы өмір іздеп қалаға кетеді. Олардың кәсіби білім деңгейі жеткіліксіз және жақсы жұмысқа орналаса алмайды. Дегенмен дәл осындай жастардың ауылда тұрып, жұмыс істеп, жақсы табыс тапқан мысалдары да бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту және халық табысының өсуі жөніндегі ұлттық жобаның орындалуын қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.

Мысал ретінде депутат «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру» пилоттық жобасын еске салды.

«Мемлекеттік органдардың хабарлауынша, мұнда оң динамика бар: 2019 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны үш есеге азайған, жобаға қатысушылардың орташа табысы 2,5 есеге артқан, еш нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайған. Әрине, мүмкіндік болса, осы тәжірибені еліміздің басқа өңірлерінде де тарату қажет», - деді Альберт Рау.

Айта кетейік, Мәжілістегі Үкімет сағатында «Ауыл — Ел бесігі» жобасы талқыланып жатыр. Қазақстанның ауылдарындағы 6 293 елді мекенде 7,8 млн адам тұрады.

2019 жылы елімізде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастады. Оның басты мақсаты — ауылдағы адамдардың өмірін жақсарту. Жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандар салу, жұмыс орындарын құру — осының барлығы аталған бағдарламаны іске асыруды көздейді.

Бұған дейін Альберт Рау «Ауыл – ел бесігі» жобасы үш жылда 18 пайызға ғана орындалғанын, жобаның сапаға емес, санға ұмтылып отырғанын сынаған еді.



Соңғы жаңалықтар