«Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру алгоритмдері бекітілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігі қазіргі уақытта жобаны қаржыландыруды, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен ұлғайту мүмкіндігі бойынша мәселелерді пысықтауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жобаны тиімді іске асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп келесі іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Осы алгоритмдер бойынша жоба нақты жүзеге асырылатын болады. Біріншіден, даму әлеуеті мен ағымдағы экономикалық жағдайды талдау негізінде осы жылы іске асырылатын жобалары бар тірек ауылдық елді мекендерді іріктеу жүргізілді. Екіншіден, әрбір жоба және елдімекен бойынша мақсаттарға қол жеткізу жөнінде жол картасы әзірленді. Үшіншіден, жобаларды іске асыру және бақылау құрылған Қоғамдық үйлестіру кеңесінің негізінде мүдделі мемлекеттік органдар мен «Нұр Отан» партиясын тарта отырып жүзеге асырылатын болады», - дейді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.

Төртіншіден, жүргізілген жұмыстың нәтижелері туралы халықты тұрақты хабардар ету жоспарланып отыр.

«Сондай-ақ, халықаралық сарапшылармен бірлесіп, келесі жылдары ауылдық елді мекендерге (АЕМ) басымдық беру үшін көрсеткіштерді есептеудің әдістемесі мен модельдері жетілдіріледі. Қажетті инвестицияларды бағалау, яғни ауыл аумақтарындағы өңірлік инфрақұрылымдық стандарттардың сапалы деңгейіне қол жеткізу үшін қажеттілікті және одан әрі қаржыландыру көздерін айқындау мәселелері пысықталуда», - дейді ол.

Вице-министрдің айтуынша, халықтың өмір сүруінің қолайлы ортасын құру үшін ҰЭМ жауапты меморгандармен бірыңғай бұйрықпен өңірлік стандарттар жүйесін бекіткен.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша аудан орталықтарына 670 млн теңгеден бөлінетінін айтқан еді. Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі 163 аудан орталығының 122-і ауылдық елді мекен мәртебесіне ие екенін хабарлайды.

Айта кетсек, былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерлерді қолдау мақсатында «Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар