Ауыл - ел бесігі: Күршім ауданында 10 ауыл таза ауыз сумен қамтылды

None
None
КҮРШІМ. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында келелі істер атқарылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындар өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмаларын орындау аясында ШҚО Күршім ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Экономикалық тұрғыда ауыл шаруашылығын негіз ететін Күршім ауданында облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен жүйелі істер жүзеге асырылуда.

Жылдың басты жаңалығы - Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің салынатыны туралы хабар тарағанда тұтас Шығыс жұрты елең етті. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап жүзеге асырылатын шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспары алдағы уақытта ауданда атқарылар ірі жобалар мен ауқымды жұмыстардың негізі болып табылады.

Осы ретте ШҚО Күршім ауданының әкімі Дулат Зайсанбекұлы Қажанов аудан жұртшылығы алдында жылдық есебін баяндап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді, алға қойылған жаңа жоспарлар туралы хабардар етті.

2019 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 35 млрд 573 млн теңгені кұрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 124,9% артты. Аудан экономикасына 2019 жылы 3 млрд 737 млн теңге инвестиция тартылды, құрылыс жұмыстарының көлемі 2808 млн теңгені құрады. Өсім - 133,7%. Тауар өндірушілерге 72 жобаға 63 млн 278 мың 945 теңге, мал шаруашылығы тауар өндірушілеріне 363 млн 864 мың теңге субсидия төленді. Шағын бизнес бойынша 1965 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жұмыс атқарушылардың саны 2758 адамға жетті немесе өткен жылмен салыстырғанда 116 пайызға артты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 5 млрд. 117 млн теңгенің өнімін өндірген, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс-тырғанда 160,2 пайызға артық.

Атап айтқанда, «Іскер» және «Агробизнес» бағдарламасы аясында аудандағы Қалғұты ауылдық округінде (СПК-Шығыс ЖК,) сүт өңдеу цехы іске қосылды. Сонымен қатар, 50 және 100 басқа арналған екі сүт-тауарлы фермасы («Тіршілік» ш/қ, «Шығыс ЖК» ӘКК) ашылды. Күршім, Сарыөлең ауылдық округтерінде («Алғабас» ӘКК,» Қойлыбай-2017 «ӘКК) ауыл шаруашылығы кооперативтері базасында екі сүт қабылдау пункті жабдықталды. «Ұлан» шаруа қожалығы 1000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салса, «Арын» шаруа қожалығында 1000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысын аяқтады.

«ГРК МЛД» ЖШС «Қаршыға» мыс кен орнында кен байыту кешенін ашу жобасы іске асуда. Кәсіпорын кен орнына апаратын 9,5 км жол және 120 адамға арналған жұмысшылар үйін салып бітті. Ұзындығы 18 км құрайтын қуаттылығы 10кВт электр құрылғысы тартылды. Соңғы 2 жылда «ГРК МЛД» ЖШС-нің «Қаршыға» мыс кен орнында кен байыту кешенін ашу жобасы ауданға 5 млрд 200 млн теңгенің инвестициясын тартты. Аудан әкімі Д.Қажановтың айтуы бойынша бұл сияқты ірі кәсіпорындар аудан қазынасына түсетін салық көлемін еселеп арттыратын болады.

Ауданда халықтың сұранысы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Күршім ауылындағы жабық жүзу бассейнінің құрылысы жүргізілуде. Жобаланған бассейн ғимаратында сауна, тамақ ішу бөлмесі (буфет), жаттығу залы және бассейннің өзінде 5 жүзу жолағы болады.

«Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен Қалжыр ауылында су құбыры желісінің құрылысы басталды, аяқталуы – 2020 жыл. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы – 22 шақырым. Халық саны 50 ден 200 адамға дейінгі елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша облыстық бюджеттен 10 елді мекенге (Ақши, Топтерек, Қыстау-Күршім, Жиделі, Бірлік, Ақжайлау, Үшбұлақ, Шанағаты, Қайнар, Былғары-табыты ауылдары) қаражат бөлініп, суды тазартудың блоктық-модульдік станциясы орнатылды. Маралды, Қалжыр, Күршім және Марқакөл ауылдарын сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту бойынша сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптама алынған соң республикалық бюджеттен қаражат бөлу жұмыстары атқарылады.

«Аудан орталықтарын және 100 ауылдық елді мекенді абаттандыру» бағдарламасы аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен Күршім ауылына – 110,0 млн.теңге, Марқакөл, Боран, Сарыөлең, Қалжыр ауылдарына 10,0 млн.теңгеден бөлініп, Күршім ауылындағы Духович көшесі абаттандырылды. Қашалар орнатылып, жиек тастар және жаяу жүргіншілер жолына тақтайшалар төселіп, балалар ойын алаңы, шамдар орнатылды. Күршім ауылы, Тоқаев көшесіне тротуар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері монументі орнатылды. Жасанды жабыны бар футбол алаңы және «Workout» спорт алаңы орнатылды.

Марақакөл ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағы абаттандырылды. Сарыөлең, Қалжыр, Боран ауылында жасанды жабыны бар футбол алаңы және балалар ойын алаңы орнатылды. Сондай-ақ, қайырымдылық жұмыстары мен жастардың мәселелері де басты назарда. Елбасының «Жастар жылы» ойдағыдай қорытындыланды. Өткен жылы ауданда атқарылған ауқымды жобалар, жеткен жетістіктер, халық игілігіне жасалған шаруалар халықпен бірге талқыланып, түскен ұсыныс-пікірлер әрдайым ескеріліп отырады.

Сондай-ақ, аудандағы әлеуметтік мәселелер де басты назарда. 2019 жылы Денсаулық сақтау саласы бойынша «Патронаждық қызметтің универсалды - прогрессивтік моделі» бойынша 14 дәрігер, 23 медбике, 2 әлеуметтік қызметкер, психолог оқытылды.

Атаулы әлеуметтік көмек 758 отбасына тағайындалды. Оның ішінде 209 - көпбалалы отбасы, 549 - аз қамтылған отбасы. 490 отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді.

Облыс әкімі Д.Ахметовтің бастамасымен «Парыз» облыстық қайырымдылық қорынан бөлінген қаражатқа көп балалы отбасыларына Алғабас ауылынан 3 үй, Сарыөлеңнен 1 үй, Бірліктен 1 үй сатып алынып берілді. Қайырымдылық акциясы аясында меценаттар арқылы көп балалы 2 отбасына, аз қамтылған бір отбасына үй сатып алынып берілді.

Мәдениет саласында жалпы 70,1 млн теңге бөлініп, Алғабас, Төсқайың, Қаратоғай, Қалжыр ауылдарының клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 350 орындық сатып алынған. Аудандағы барлық спорт нысандары жастардың, аудан тұрғындарының спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін кешкі мезгілдерде және демалыс күндері тегін беріледі. Атап айтар болсақ, аудан мектептерінің 30, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің 3 спортзалы сабақтан тыс, кешкі мезгілдерде және демалыс күндері ауыл жастарының спортпен айналысуы үшін тегін берілген. Жергілікті тұрғындарға аудан басшысының ықпалымен осындай игі шаралар көптеп ұсынылуда.

2019 жылы аудандық бюджет көлемі 7 млрд 257 млн теңге болса, 2020 жылға аудандық бюджет көлемі 9 млрд 521 млн қарастырылды. Өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд 264 миллионға өсті. Бұл, атқарылған істен, атқарылатын шаруалар тіпті ауқымды екенін білдірсе керек. Сонымен қатар аудан басшысы тұрғындармен әр кездесуінде қазіргі нарық заманында әр үй, әр отбасы жалқаулықтан арылып, қолынан келгенше туған жердің өсіп өркендеуіне өз үлесін қосуы тиіс екенін, сонда ғана жетістікке жетуге болатынын баса айтып, халықты жұмыла жұмыс істеуге шақырып келеді. Сондықтан да, Елбасы және Мемлекет басшысының шекаралық аймақтарды дамытуға баса назар аударуы және осы бағыттағы атқарылар істерде жұдырықтай жұмылып, баршамыз ат салысуымыз қажет.


Соңғы жаңалықтар