Ауыл – ел бесігі: Қостанай облысында 5 ауылға газ тартылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 5 ауыл іріктеліп алынды. Бұл ауылдарды дамыту үшін қазынадан 2,2 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Саят Жүсіповтің сөзінше, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Әулиекөл, Боровское, Қарасу, Сарыкөл және Федоров ауылдарында 74 жоба іске асырылады. Атап айтқанда, әлуметтік сала объектілері (мектептер, мектеп жанындағы интернаттар, балабақшалар, қосымша білім беретін ұйымдар, мәдениет үйлері, кітапханалар, стадиондар, аудандық ауруханалар) күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп, ауылішілік жолдар қалыпқа келеді.

«Аталған елді мекендерде «Ауыл – ел бесігі» қаражатынан басқа, өзге де мемлекеттік бағдарламалар есебінен 4 млрд теңгеге жуық инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Негізінен ерекше бақылауда тұрған тұрғын үй құрылысы, ауылдарды газдандыру және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету басты назарға алынады. Аталмыш 5 ауылға газ тарту жұмыстары басталып кетті. Ал орталықтандырылған сумен жабдықтау 59,5%-ке жетті», - дейді Саят Жүсіпов.

Қостанай облысында «Өңірлерді 2020 жылға дейінгі дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл 24 ауылға сумен жабдықтау обьектілері жүргізілді. Жітіқара ауданының Забелевка ауылы, Сарыкөл ауданының Златоуст ауылы, Бейімбет Майлин ауданының Новоильиновка ауылы, Арқалық қаласының Восточное ауылының тұрғындары сапалы ауыз су ішіп отыр.


Соңғы жаңалықтар