Ауыл – ел бесігі: Қостанай облысында 46 жоба жүзеге асырылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы баяндады.

«Елбасы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы айтқан еді. Жобаның басты мақсаты ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық округтердің әлеуметтік ортасын жаңғырту екендігі белгілі. Осы мақсаттарға 2019 жылы республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінді. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жылында ірі елді мекендерге баса назар аударылды. Жобаға бес аудан орталығы қатысады. Атап айтқанда, өңірдегі 548 ауылдың ішінде 41 мыңнан астам адам тұратын Әулиекөл, Қарасу, Боровское, Сарыкөл және Федоров ауылдары осы тізімге еніп отыр», - деді басқарма басшысы.

Биыл жоба аясында 2,3 млрд теңгеге бағаланған 46 жоба жүзеге асырылады. Бұл – мектептерді, мектеп жанындағы интернаттарды, балабақшаларды, қосымша білім беру ұйымдарын, мәдениет үйлерін, кітапханаларды, стадиондарды, аудандық ауруханалар мен емханаларды күрделі және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ кентішілік жолдарды орташа жөндеу сияқты ауқымды жобалар.

Барлық жұмысты тамыз айынан қараша айына дейін аяқтау қарастырылған. 15 жоба толығымен аяқталған. 31 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні 800 млн теңге немесе бөлінген қаражаттың 35% игерілді.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан басшыларына жұмыс қарқынын жеделдетіп, бөлінген қаржыны тиімді әрі толық игеруді қатаң тапсырды.

Селекторлық отырыста Сарыкөл, Қарасу, Меңдіқара аудандары әкімдерінің атқарылған жұмыс барысы туралы есептері тыңдалды.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін ауылдарды іріктеу әкімшілік мәртебесіне, даму перспективасының болуына, халық санына, шекара маңындағы орналасуына және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін сипаттайтын басқа да көрсеткіштеріне сүйене отырып жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жобаның 2020 жылғы жоспарына ену үшін алдын ала жеті ауыл анықталды. Олардың ішінде аудан орталықтары – Денисовка, Қамысты, Қарабалық, Қарамеңді, Ұзынкөл, сондай-ақ, Силантьевка және Тобыл кенттері бар», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Өңір басшысы Денисов, Қамысты, Қарабалық, Науырзым, Алтынсарин, Бейімбет Майлин және Ұзынкөл аудандарының әкімдеріне бір апта ішінде облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тиісті нысаналы іс-шараларға және 2020 жылға жоспарланған жобаларға арналған құжаттаманы әзірлеп, тапсыруды міндеттеді.


Соңғы жаңалықтар