Ауыл – ел бесігі: Биыл Қостанай облысында қандай шаруа атқарылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасына енген тірек ауылдар анықталып, алдағы жылдың жоспары жасалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасы өңірде кешенді түрде іске асып келеді. Былтыр 5 ауылда (Әулиекөл, Боровское, Қарасу, Сарыкөл және Федоров) 2,2 млрд теңге сомасына 46 жоба іске асырылса, биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе өскен.

«Қарасу аудандық ауруханасының корпустарының біріне күрделі жөндеу аяқталды. Федоров, Сарыкөл, Боровское, Әулиекөл ауылдарының аудандық ауруханаларына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, аталған ауылдарда мәдениет және спорт нысандары жөнделді, кентішілік жолдар орташа жөндеуден өтті. 3 білім беру нысаны, балабақшалар мен мектеп жанындағы интернат жаңғыртылды. Спорт объектілеріне деген қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында халықтың барлық топтары үшін 1,7 млрд теңге сомасына 4 инвестициялық жоба, оның ішінде Силантьевка және Қамысты ауылдарындағы стадиондар қайта жаңғыртылып, Ұзынкөл, Торғай ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Әлеуметтік нысандарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін Денисов ауылындағы № 40 балалар бақшасының қазандығы пайдалануға берілді және Қарамеңді ауылындағы қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын. Бөлінген қаражат толық көлемде игерілді», - дейді басқарма басшысы.

2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстың 13 ауылы анықталды. Олар: Силантьевка, Обаған, Денисовка, Антоновка, Қамысты, Торғай, Амангелді, Тобыл, Қарамеңді, Первомайское, Октябрьское, Шеминовка, Ұзынкөл ауылдары.

Барлығы 63 жоба қолға алынбақ. Оны іске асыруға 5 млрд 772,3 млн теңге көзделген.

«Торғай және Қамысты ауылдарындағы екі аудандық аурухана, Бейімбет Майлин ауданының Тобыл кентіндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтеді. Денисов мәдениет үйін күрделі жөндеу бойынша жұмыстар аяқталды. 13 ауылішілік жолдың орташа жөндеуден өтуіне қаражат бөлінді. Жалпы, бүгіне дейін облыста 48 жоба аяқталып, тағы 9 жобада қол қою процесі жүріп жатыр», - деді Гүлбарам Мұсағазина.


Соңғы жаңалықтар