Ауыл, аудан және қала мәртебесін беру стандарты әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде ауыл, аудан және қала мәртебесін беру стандарты әзірленеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл, аудан және қала мәртебесін беру талаптары қайта қаралады. Мысалы, қала мәртебесі беру үшін онда тұратын халықтың саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс, ал бізде халық саны 10 мыңға жетпейтін қалалар бар. Немесе халқы 10 мыңнан асады бірақ ауыл мәртебесі берілген жайт та кездеседі. Міне осы мәселерді шешу үшін, талаптарды қайта қарап, жаңа стандарт дайындалады. Стандартта халықтың санынан бөлек, ауылда немесе ауданда қандай инфрақұрылым болуы тиіс, оның даму көрсеткіші толық көрсетіледі. Қалаларда деңгейіне қарай 3-ке бөлінеді, аудандық маңызы бар қала, облыстық және республикалық маңызы бар қала», - деді М. Иманбаев.

Оның айтуынша, аудандық маңызы бар қалада халықтың саны 10 мыңнан кем болмаса, облыстық маңызы бар қалада кемі 50 мың адам тұруы тиіс.

«Бюджет берілген мәртебеге сәйкес белгіленеді. Әрине ауылға қарағанда аудан мен қаланың бюджеті молырақ. Елімізде ауыл, аудан және қала мәртебесін беру талаптарына талдау жасау келесі жылы қолға алынады. Ал стандарттың өзі 2023 жылы қабылданады деп жоспарланып отыр», - дейді ол.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігінің өкілі елімізде ауыл әкімдігі аппаратының қызметін ұйымдастыру қайта қаралатынын айтты.



Соңғы жаңалықтар