«Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекендердің халқы тұрақты жұмыспен қамтылады - Премьер-Министрдің орынбасары

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов халыққа «Ауыл аманаты» жобасының мақсатын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс сапары барысында Алтай Көлгінов «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниетті өңір жұртшылығымен кездесу өткізді.

«Бұл Мемлекет басшысының сайлаудан кейінгі ауыл тұрғындарын қолдауға арналған алғашқы Жарлығы. Осы жоба аясында ел бойынша 100 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысына 1,5 млрд теңге жұмылдырылған. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарын мал шаруашылығы, өсімдік, құс өсіруші және басқа да салалардағы жұмыспен қамтамасыз ету»,- деді ол.

Жиналғандар арасынан «Бұл жобаны қалада жүзеге асыруға бола ма?» деген сұрақ қойылды. Вице-Премьер бағдарламаның ауыл тұрғындарын қолдауға арналғанын, ал қаладағы шаруашылықтар үшін субсидиялаудың басқа да тетіктері бар екенін түсіндірді.

Кездесуден кейін Премьер-Министрдің орынбасары Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында жасақталған Лу Бан Тяньцзинь кәсіби шеберханасымен танысты.

«Өткен жылы Қазақстан мен Қытай Президенттері арасында еліміздегі жоғары оқу орындарының бірінде Лу Бан шеберханасы ашылатыны туралы келісім болды. Қазір Тяньцзинь кәсіби институтымен осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл бағдарлама өте танымал, әлемнің 20 елінде мұндай шеберхана бар. Ал Қазақстанда шеберхананы біздің университетте ашу туралы шешім қабылданды. «Көлік, көлік техникасы және технологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша модульдік оқу жоспары Қытай институтымен бірлесіп әзірленіп, оқу жоспарына енгізілетін болады», - деді ШҚТУ басқарма төрағасы Сәуле Рахметуллина.

Соңғы жаңалықтар