Ауыл әкімін сайлау идеясын девальвацияға ұшыратып алмауымыз керек – депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл әкімін сайлау идеясын девальвацияға ұшыратып алмауымыз керек. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағайындалған әкім мен сайланған әкімнің арасы жер мен көктей. Тағайындалатын әкімді аудан әкімінің ұсынысымен мәслихат бекіте салады. Яғни, оның сайлануына 14-15 адам сеп болды деген сөз. Ал сайланған әкім еңселі жүреді. Жалпы осы орайда екі мәселені қамтамасыз еткен жөн сияқты. Бірінші - заңнамада дұрыс адамдардың сайлануына мүмкіндік беру. Екінші – қарапайым адамнан әкімге айналған тұлғаларға бюджеттік қатынастар, мемлекеттік сатып алулар, салық мәселелеріне қатысты семинарлар өткізу», - деді Мәжіліс депутаты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.

Оның атап өтуінше, ауыл, аудан, облыс әкімдерін сайлау өте үлкен идея, халық пен биліктің арасын жамайтын үлкен дүние саналады.

«Сол идеяны девальвацияға ұшыратып алмауымыз керек. Мысалы, ертең әкімдер сайланғаннан кейін қолында дым жоқ болса, 1-2 жыл жүреді де, өтінішін жазып тастап кете береді. Тағы сайлайды, басқа келеді немесе халықтың өзі алғашқы кезде популистерге, екінші кезекте туған-туысына, руласына дауыс береді. Сөйтіп, ауылдың тыныс-тіршілігі бұрығыдан бетер нашарлап кететін болса, онда идея жоққа шықты деген сөз. Яғни, қоғам тарапынан да, сайлауға қатысатын партиялар мен белсенді топтардың да жауапкершілігі қажет», - деді Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты елді мекендерде ауылдық кеңестерді қайта жаңғырту қажеттігін айтады.

«Аудан әкімі қабылдаған шешімдерді ауылдық кеңестің 5-7 адамы бекітіп отырса - дұрыс болар еді. Сонда ауыл әкімі «шешімім негізделген, қоғамның талқысынан өткен, өкілетті орган бекітіп берген» деп қорықпай жұмыс істейтін еді. Ал қазір әкімді бүкіл халықпен жалғыз қалдыру немесе бүкіл бюрократиялық машинаға қарсы қою - қиянат болар. Ауыл әкімдерін сайлау тарихи, саяси үлкен маңызы бар, Қазақстандағы өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға үлес қосар дүние дейтін болсақ, онда оған жан-жақтан тіреу болып, көмектесуіміз қажет», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар