Ауыл әкімі болу әйел үшін ауыр жұмыс деп ойлаған емеспін - Толқын Бейсенбаева

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ауылдың барлық ауыртпалығын көтеріп, тұрғындарды толғандыратын түрлі мәселелерді шешетін, күн сайын қиындықтармен бетпе-бет келіп жататын ауыл әкімдерінің міндеті ауыр да жауапты. Міне, осындай ауыр міндетті мойнына алып, өз қызметін абыроймен атқарып жүрген Павлодар облысы Ақсу қаласының Евгеньевка селолық округінің әкімі Толқын Саттарқызы Бейсенбаевамен кәсіби мереке қарсаңында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Толқын Саттарқызы, бүгінгідей нарық билеген күрделі кезеңде ауыл әкімі болу оңай шаруа емес екендігі белгілі. Ауыл тұрғындары күнделікті кездесіп жататын барлық қиындықтарда әкімге арызданады. Осы орайда, өзіңіздің бүгінгі атқарып жүрген жұмыстарыңызға көңіліңіз тола ма?

- Ауыл әкімдерінің қолында мөрінен басқа ештеңесі жоқ болған қиын кезеңдер артта қалды. Мен 2002 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келемін. 2015 жылдан бері Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка селолық  округінің әкімі лауазымындамын. Қазір, құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Өз бюджетіміз, қызметтік автокөлігіміз, кәсіби мамандардан құралған аппаратымыз бар. Яғни, толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік жасалған. Евгеньевка селолық округінің әкімшілік-аумақтық құрамында Евгеньевка, Үштерек және Сольветка ауылдары кіреді.

Селолық округте 3 ЖШС, 23 шаруа және фермерлік қожалық жұмыс істейді. 606 оқушыны қамтыған 2 орта мектеп және негізгі мектеп, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 ауылдық кітапхана, 75 орынға арналған балабақша, мәдени-сауық орталығы, 2 пошта бөлімшесі, АТС, 10 сауда объектісі, оның ішінде 2 әлеуметтік дүкен, кафе, жанар-жағармай станциясы, жасанды жабыны бар шағын футбол алаңы, хоккей алаңы жұмыс істейді.

2016 жылы Үштерек ауылында 600 бас ірі қара малға сүт-тауарлық ферма ашылды. Евгеньевка ауылы шаруа қожалықтарының демеушілік көмек көрсету есебінен тұрмыстық сервис Орталығын орналастыру үшін бұрынғы ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт - авт.) ғимараты сатып алынып, қалпына келтірілді.  Сонымен қатар «Үштерек және  К» ЖШС Үштерек ауылында балабақша ашу үшін ауылдық кеңесінің бұрынғы кеңсе ғимаратын сатып алды.

Үштерек ауылында балалар ойын алаңы, Евгеньевка ауылында көше жаттығу құрылғысымен демалыс орны, көше жарығының қосымша шамдары, қоқысқа арналған контейнерлер жасалып, орнатылды. «Жұмыспен қамтудың жол қартасы - 2020» бағдарламасы аясында және басқа қаржы көздері арқылы ауыл ішіндегі жолдарға 4,2 шақырым асфальт төселді, Үштерек ауылы орта мектебінің шатырына жөндеу жүргізілді.

Одан қалды, ауыл аумағында орналасқан серіктестіктер мен шаруа қожалықтары да мүмкіндіктерінше қол ұштарын беріп тұрады. Осыған орай, ауыл тұрғындары кездесіп жататын түрлі мәселелерді шешуге шама шарқымызша тырысып жатырмыз. Зейнеткерлер мен мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлеміз. Қарттар айында қарияларымыздың бірде-бірі назардан тыс қалмайды. Сонымен бірге, ауылды көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру істері де әрдайым назарымызда. Көктемде өзім бас болып сенбіліктерге шығып, көшелер мен аулаларды тазартамыз, көшет отырғызамыз. Жүргізілген осындай шаруалардың нәтижесі болар, ауылымыз жыл санап көркейіп келеді.

- Әдетте қыз-келіншектер көбіне мұғалім, дәрігер мамандықтарын таңдап жатады. Ауыл әкімі сияқты ауыртпалығы көп жұмысқа келуіңіздің себебі неде?

- Кезінде мен де мұғалім болдым. Ауыл әкімі боламын деп ойлаған жоқпын. Дегенмен, 2015 жылдың мамыр айында ауыл әкімі болып тағайындалып, содан бері осы міндетті атқарып келемін. Әрине, әр жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы мен жауапкершілігі болады. Нәзік жан әйелдерге лайықты деп саналатын мұғалім, дәрігердің жұмысында да ауыртпалықтар жетіп артылады. Қазір әйелдер қара жұмысты да, базарда тұрып сауда жасауды да үйреніп, меңгерді. Өзім ешқашан ауыл әкімі болу әйел үшін ауыр жұмыс деп ойлаған емеспін.

- Міне, мемлекеттік қызметші күні де келіп қалды. Әріптестеріңізге, ауылдастарыңызға қандай тілек айтар едіңіз?

- Биылғы Елбасының халыққа арнаған Жолдауында заман талабына сай даму бағдары айқындалып, елімізді әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына енгізу міндеттері белгіленді. Менің балалық шағым кеңес заманында өтсе, жастық шағым өтпелі кезеңнің ауыр жылдарына тап келді. Еліміздің тәуелсіздігін орнықтырып, нығайту жолында көп шаруалар атқарылды. Арқа төсінен ертегідегідей бой көтерген әсем қала - Астанамыз бар. Халықтың жағдайы да жылдан жылға жақсарып келеді. Бүкіл ел болып «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізіп жатырмыз. Еліміз үшін бұл - үлкен абырой, бедел. Ауыл әкімі үшін ең бастысы, еліміз тыныш болып, қазіргідей ұйыған тыныштығымыз бен татулығымыз сақталса, тәуелсіз мемлекетіміз әлемнің дамыған елдерінің санатынан көрініп, көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін деп тілеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет. 

Соңғы жаңалықтар