Ауыл әкімдері сайланатын күндер белгілі болды

None
None
АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық өңірлері бойынша аудандық маңызы бар қала және ауыл әкімдерінің сайланатын күні белгілі болды.

Еске салайық, әкімдер тиісті аудандық немесе қалалық мәслихаттардың отырыстарында сайланатын болады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг барысында мәлім болды.

«Аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының шешімдеріне сәйкес, әкімдерді сайлайтын мәслихат отырыстары Оңтүстік Қазақстан облысында 5 тамызда, Атырау облысында 6 тамызда, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 7 тамызда, Шығыс Қазақстан облысында 7 және 8 тамызда, Батыс Қазақстан облысында 7 және 9 тамызда, Ақмола және Қарағанды облыстарында 8 тамызда, Жамбыл облысында 9 тамызда өтетін болады», - деді ОСК баспасөз хатшысы Венера Жексембекова.

Еске сала кетейік, Қазақстан бойынша барлығы 2457 әкім сайланатын болады. Олардың 47-сі аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері, 2101-і ауылдық округ әкімдері, 119-ы кенттер әкімдері және 190-ы ауыл әкімдері. Әкімдікке кандидаттар ұсынуды ауданның әкімі жергілікті қоғамдастықпен консультациялардан кейін балама негізде жүзеге асырады. Ал бүгінге дейін ел өңірлерінде мыңнан астам осындай кездесулер ұйымдастырылып, нәтижесінде қазіргі уақытта ауыл әкімдігіне 895 кандидат ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар