Ауыл әкімдері мен демеушілер 8 меморандумға қол қойды - Жамбыл облысы

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - «Жаңғырған ауыл» жобасы аясында Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Байзақ аудандарының әкімдері, ауылдық округ әкімдері және демеушілер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. 

Сонымен қатар, Тараз қаласындағы «Достық үйінде» аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер және ауыл әкімдеріне арналған арнайы семинар-кеңес болып өтті, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайты .    

Семинар-кеңес қаржы-экономикалық саясат, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, туризм, еңбек қатынастарының өзекті мәселелері және инфрақұрылымды дамыту  тақырыптарына бағытталды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков басқосуда жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқаруды одан ары дамытудың маңыздылығына тоқталды.

- Бүгінде Мемлекет басшысы тарапынан жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне баса назар аударылуда.
Оның айқын дәлелі ретінде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мемлекеттік аппарат қалыптастыру деп аталатын бесінші бөлігіндегі есеп беретін ауылдық округ, ауыл, аудандық маңыздағы қала деңгейінде  жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу (98-қадам) мәселелерін айтса да болады.

2013 жылдан бастап ауылдық округтер, ауылдар мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқаруды одан ары дамыту мақсатында жергілікті қоғамдастықтар құрылды, барлық әкімдікке кандидаттар алдын ала жергілікті қоғамдастықпен келісілуде, - деді өз сөзінде Б.Орынбеков.
Сонымен қатар, барлық деңгейдегі әкімдерге мемлекеттік қызметтің жаңа моделі туралы, республикалық және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін орындау мәселелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардағы орындаушылық тәртіп  туралы баяндамалар оқылып, қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмаларды аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер және ауылдарда қалай  іске асыру керектігіне жеке-жеке тоқталды.
 
- Сіздердің алдарыңызда тұрған міндеттер орасан зор. Әкімдер елдің ұйтқысы болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, ағымдағы жылы Мемлекет Басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Оның аясында Бағдарламаның басым міндеттері: қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» атты жобаларын іске асыру болып табылады, - деді Б.Орынбеков.

Еске сала кетейік, семинар-кеңеске облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдерден құралған барлығы 250 адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар