Ауыл әкімдері бюджетті тиімді жұмсау курстарынан өтуде

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының ауыл әкімдері жобалық менеджментті үйреніп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылдың басынан бері Павлодар облысында тұрғындар саны екі мың адамнан асатын ауылдардың дербес бюджеті бар.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы бойынша филиалында 32 ауылдық аймақ әкімдері үшін оқыту семинары ұйымдастырылды. Онда әкімдер бюджеттік үрдіс пен коммуналдық меншікті басқаруға, ведомстволық әкімшілік-аумақтық бірліктің салықтық әлеуетін ескере отырып, кіріс базасын құруға үйренуде.  

Семинардың нәтижесінде белгілі бір ауылдық аймақтың ең негізгі әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған 32 жоба жасалды.

«Бюджеттің 4-ші дербес деңгейіне өткен ауылдық аймақтар әкімдеріне арналған семинар біз үшін өте өзекті. Бізге жобалық менеджментті үйретті. Бұл жерде академия филиалының тәлімгерлерімен, мемлекеттік басқару және облыстық басқармалар сарапшыларымен бірігіп, тікелей ауылдарға арнап жобаларды жасаймыз, оларды бірден қорғаймыз. Барлық жобалар болашақта тәжірибе жүзінде іске асырылатын болады», - деді Тереңкөл ауданы,  Тереңкөл ауылының әкімі Данияр Айтышев.null 

Айта кетейік, биыл ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы бойынша филиалы бірқатар семинар өткізді. Олардың барысында мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейін енгізу үрдістері зерттелді.  Солардың бірі БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, үстіміздегі жылдың 16 қазанында Баянауыл ауылында өтті. Семинарда Баянауыл, Май, Шарбақты, Аққулы аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалаларының 50 әкімі білімдерін жетілдірді. 

Бұдан бөлек, Павлодар облысы аппаратының бастамасымен 12-13 қараша аралығында бюджеттің төртінші деңгейін енгізген 67 ауылдық аймақ әкімдерімен «Жеке бюджетті құру. Әкімшілік айыппұл салудың тәртібі» тақырыбында семинар өтті.null

Дегенмен, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін енгізу бойынша әкімдердің жауапсыз қалған сұрақтары да бар. Осы мақсатта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы республика көлемінде қараша-желтоқсан айларында «Аймақтың дамуына бағытталған жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің трансформациясы» 1062 ауылдық аймақ әкімі үшін шара өткізеді.

 

Соңғы жаңалықтар