Аутизмі бар балалар отбасында қалай тәрбиеленіп жатыр: ата-аналар өзара пікір алмасады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласында 2 сәуір - Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орай «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері» атты кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

TED TALK форматында аутизмі бар балалардың ата-аналары тәжірибелерін ортаға салып, аутизмі және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеу бойынша кеңес беріп, ұсыныстарын ортаға салады. Балалары оларға қандай табыстар мен жетістіктерге жетуге шабыт бергенін айтып береді. Сонымен қатар сиблингтер – ерекше балалардың бауырлары сөз сөйлеп, ерекше туыстарымен қарым-қатынас құру тәжірибесі, аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар баламен бір отбасында тәрбие алу ерекшеліктері туралы баяндайды.

Іс-шараға психотерапевтер, психиатрлар және басқа да мамандар қатысады. Іс-шара ерекше балаларды тәрбилеп отырған отбасы мүшелері үшін де, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін де пайдалы болады.


Іс-шара барысында «Autism. Қол жетімді орта» қайырымдылық қорының және «Қамқор Әке» аутизмі бар балалардың әкелер қоғамдастығының басшылары, Ақтөбелік ерлі-зайыпты Руслан мен Сара Қазыбаевтар, «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай, балалар психиатры Татьяна Дегтярь, мінез-құлық талдаушысы, «Болашақ» қорының кураторы Айнур Нұрова, сондай-ақ «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан және т. б. сөз сөйлейді.


Кездесу барысында спикерлер оқыту мен мінез-құлықты түзетудің тиімді әдістемелері, ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету, ерекше балалар мен олардың отбасыларының құқықтары, ерекше бала тәрбиеленетін отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-бірін өзара қолдаудың маңыздылығы, аутизм бар егіздерді тәрбиелеудің ерекшеліктері және басқа да тақырыптарды талқылайды.

Өтетін орны: Астана қаласы Сауран 44, «Конгресс-центрдің» «ASPAN» залы,

Күні мен уақыты: 2023 ж. 2 сәуір, сағ. 14:00

Анықтама:

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн 2007 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленді, онда аутизмі бар балалардың көп болуына алаңдаушылық білдірілді. Ресми деректер бойынша Қазақстанда 9 мыңға жуық аутизмі бар бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша аутизмі бар балалардың саны 30 мыңнан асады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылады.

«Болашақ» қорының «Әрбір бала мектепке баруға лайықты» жобасы Қазақстанның мектептері мен балабақшаларына аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін әзірлеуге және енгізуге бағытталған. 2015 жылдан бастап Қазақстанның 22 қаласында 46 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар 700-ден астам бала мектепке күнде баруға мүмкіндік алды. Аутизм туралы ақпарат тарату аясында 2023 жылдың сәуір айында «Болашақ» Қоры бірқатар іс-шараларды жоспарлады, оның ішінде икнлюзияны қолдау кабинеттерінде сынып сағаттары, конкурстар, «Run for Autism» қайырымдылық жүгіру және басқалар бар.


Соңғы жаңалықтар