Australian Open: Путинцева мен Дияс жұптық сынды сәтті бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Юлия Путинцева мен Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатында жұптық сында словениялық Далила Якупович және ресейлік Ирина Хромачёвамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп бірінші партияда 6:3 есебімен басымдылық көрсете білді.

Екінші сетте қос бірдей брейк жасай білген Путинцева мен Дияс 4:0 есебімен алға шықты. Есеп 5:2 болған мезетте олардың қарсыластары қайыра брейкке қол жеткізді. Дегенмен қазақстандық теннисшілер бұл партияны да жеңіспен аяқтай алды - 6:4.

Бәсеке 1 сағат 24 минутқа созылды.

Ю.Путинцева мен З.Дияс екінші айналымда чехиялықтар Барбора Стрыцова және Маркета Вондрусовамен кездеседі. Бір қызығы, Ю.Путинцева мен Б.Стрыцова осы біріншілікте жекелей сында алғашқы айналымда күш сынасып, онда қазақстандық спортшы жеңген еді. Матч соңындағы қол алысу кезінде Б.Стрыцова «Қолымды қатты қысып, ауыртып жіберді», деп, теннисшілер бір-бірімен сөзге келіп қалған болатын.

Тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева румыниялық Ралука-Йоана Олармен бірге бүгін жұптық сында осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген венгриялық Тимея Бабош пен франциялық Кристина Младеновичке жол берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның жекелей сында Аустралия чемпионатының екінші айналымында қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар