Australian Open: Қазақстандықтарды ұтқан теннисшілер финалға шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теннистен Аустралия ашық чемпионатында әйелдер арасында финалға шыққандар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, корт иесі Эшли Барти мен америкалық Софья Кенин кездесті.

Мельбурндағы «Род Лэйвер Арена» стадионында өткен бәсекеде 21 жастағы, түбі ресейлік С.Кенин 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирлерінде «Ролан Гаррос» жарысының ширек финалына дейін ғана жеткен С.Кенин өз спорттық жолында алғаш рет соңғы бәсекеге жолдама алып отыр. Ол сондай-ақ алдағы дүйсенбіде жаңартылатын рейтингте үздік ондыққа енеді.

Екінші жартылай финалда испаниялық Гарбинье Мугуруса мен румыниялық Симона Халеп кортқа шықты. Тартысты өткен матчта испаниялық спортшы 7:6 (10:8), 7:5 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Осы турнирдің 4-ракеткасы болып тіркелген С.Халеп екінші сетте есеп 5:4 болғанда, өзі доп бергенімен, сол мүмкіндігін пайдалана алмады.

Бұған дейін 2016 жылы «Ролан Гаррос», 2017 жылы Уимблдон жарысын ұтқан әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы Г.Мугуруса енді үшінші мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атануға бар күшін салмақшы.

Осылайша қазақстандық теннисшілерді жеңген спортшылар финалға өте алмады. Үшінші айналымда Э.Барти Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны, С.Халеп Юлия Путинцеваны сүріндірген болатын. Ал Зарина Диясты жолдан тайдырған нидерландылық Кики Бертенс Г.Мугурусадан ұтылып қалды. Дегенмен биылғы Аустралия ашық чемпионаты қазақстандықтар үшін табысты болды деуге негіз бар. Үш бірдей теннисші қызымыз ел тарихында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» турнирінің үшінші айналымына өтті. Ал ерлер арасында Михаил Кукушкин мен Александр Бублик алғашқы болып жұптық сында жартылай финалға дейін жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкин мен А.Бубликтің финалға өте алмағанын жазған болатынбыз.

фото: 1winbk-official.ru
Соңғы жаңалықтар