Australian Open: Елена Рыбакина Зарина Диясты жеңіп, екінші айналымға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина бастапқы кездесуін отандасы, рейтингте 104-орында тұрған Зарина Дияспен өткізді.

Бірінші партияда Елена брейкпен алға кетті – 4:1. Дегенмен Зарина ізінше қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді – 3:4. Тай-брейкте З.Дияс сәттірек ойнады – 7:6 (7:3).

Е.Рыбакина екінші сетті брейкпен бастағанымен, Зарина қайта теңестірді – 2:2. Есеп 5:4 болып, З.Дияс алға шыққанда, Елена медициналық көмекке жүгінді. Зарина матчболды пайдалана алмаса, тай-брейкте Е.Рыбакина басымдылық көрсетті – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияда Қазақстанның бірінші ракеткасы 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1.

Елена 2 сағат 35 минутқа созылған тартысты матчта 9 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Зарина эйс жасамай, 2 брейкпен (10 брейк-пойнт) шектелді.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 40-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубич немесе рейтингте 74- сатыдағы қытайлық Чжан Шуайдың біреуімен кездеседі.

Осылайша Аустралия ашық чемпионатында Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик пен Елена Рыбакина қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын, Михаил Кукушкиннің екінші айналымға өте алмағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Тимофей Скатов қарсыласына есе жіберді.




Соңғы жаңалықтар