Australian Open: Анна Данилина жарысты сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге алғашқы айналымда испаниялық Паула Бадоса – тағы бір қазақстандық Елена Рыбакинамен кездесуі керек еді.

П.Бадоса мен Е.Рыбакина жұптық сында жарысқа қатысудан бас тартқаннан кейін олардың орнына мажарстандық Анна Бондарь мен грузиялық Оксана Калашникова шықты.

Қазақстандық-бразилиялық жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында 3 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Жуырда ғана Сидней турнирінің жеңімпазы атанған Анна мен Беатристің екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын, Тимофей Скатовтың қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Зарина Диясты жеңіп, екінші айналымға шықты.


Соңғы жаңалықтар