Australian Open: Александр Недовесов жұптық сында Ролан Гаррос чемпионын ұтты
2022 жылғы 20 қаңтар 10:36

Australian Open: Александр Недовесов жұптық сында Ролан Гаррос чемпионын ұтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, А.Недовесов пәкстандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге бастапқы кездесуін жарыстың 7-ракеткалары, франциялықтар Николя Маю – Фабрис Мартенмен өткізді.

Тартысты өткен матч тағдыры үшінші сетте шешілді.

Қазақстандық-пәкстандық жұп 7:6 (7:1), 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Недовесов пен Куреши 2 сағат 29 минутқа созылған бәсеке барысында 11 эйс жасап, үш брейкке қол жеткізді. Енді олар екінші айналымда тағы бір қазақстандық Александр Бублик – Польша өкілі Ян Зелински немесе америкалық Маркос Хирон – оңтүстіккореялық Сун Ву Квон жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.

Николя Маю тағы бір франциялық Пьер Эрбермен бірге өткен жылы Ролан Гаррос турнирінің финалында қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубевті ұтып, чемпион атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустралия ашық чемпионатын сәтті бастағанын, Александр Бубликтің жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT