Australian Open-2023: Юлия Путинцева үшінші айналымға шыға алмады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда К.Плишкова Путинцеваға бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Екінші сетте чехиялық теннисші 2:0 есебімен алға шықты. Юлия таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепті 4:3-ке жеткізді. Әйтсе де өзі доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры Плишкова матчты тағы бір брейкпен бітірді – 7:5.

Бір сағат 16 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 6 брейкпен көзге түсті.

Осылайша, Аустралия ашық біріншілігінде жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.

Өткен жылы осы «Үлкен дулыға» турнирінде Ю.Путинцева алғашқы айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның үшінші айналымға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер екінші айналымға өтті.

Фото – Қазақстан теннис федерациясы.


Соңғы жаңалықтар