Australian Open-2023: Елена Рыбакина чемпион атана алмады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалында дүниежүзілік рейтингіде 5-орында тұрған Беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін қазақстандық теннисші Уимблдон чемпионы атанса, қарсыласы «Үлкен дулыға» турнирінің финалына алғаш рет шығып отыр.

Спортшылардың екеуінің де бойлары ұзын, олар доп бергенде, эйсті көп жасайды әрі соққыларын қайтару қиын. Алғашқы екі геймде солай болды да. Дегенмен, есеп 1:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты. Белоруссиялық спортшы қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді – 4:4. Бұдан кейін Елена Рыбакина тағы бір брейкпен бірге өз геймін ала білді – 6:4.

Екінші партияда А. Соболенко брейкпен алға кетті – 3:1. Сосын өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте белоруссиялық теннисші брейк жасай алды. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Осылайша, А. Соболенко алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанды.

Бас-аяғы 2 сағат 29 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Е. Рыбакина 9 брейк жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 17 эйс, 3 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның финалда чемпиондық атаққа таласатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, қазақстандық теннисші қыздар Үндістандағы турнирдің финалына шықты.

Қазақстандық Тимофей Скатов Чилидегі жарыстың жартылай финалына өтті.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы


Соңғы жаңалықтар