Australian Open-2023: Елена Рыбакина алғаш рет финалға жолдама алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 24-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, өткен жылы Индиан-Уэллсте (АҚШ) қазақстандық теннисші басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте В. Азаренко брейк жасап, алға кетті. Дегенмен, Елена қатарынан үш геймді алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Әйтсе де, өзі доп бергенде, сетболды пайдалана алмады. Тай-брейкте Елена дегеніне жетті – 7:6 (7:4).

Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 2:1. Тағы бір брейк – 5:2. Дегенмен, Елена матчқа доп бергенде, В. Азаренко қайыра брейк жасады. Бірақ, қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен матчты түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Е. Рыбакина 9 эйс жасап,11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.

Е. Рыбакина финалда әлемнің 5-ракеткасы, Беларусьтің тағы бір спортшысы Арина Соболенко немесе рейтингіде 45-сатыдағы Польша өкілі Магда Линеттің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның финалға жолдама үшін таласатынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, қазақстандық теннисшілер Үндістандағы турнирдің ширек финалына шықты.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы


Соңғы жаңалықтар