Australian Open-2023: бүгін Елена Рыбакина финалда чемпиондық атақты сарапқа салады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Аустралия ашық біріншілігінің финалында қазақстандық Елена Рыбакина мен әлемнің 5-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко чемпиондық атақты сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос теннисші де Аустралия ашық чемпионатының финалына алғаш рет шығып отыр.

Бұған дейін 23 жастағы Елена Рыбакина 2020 жылы үшінші айналымға дейін жеткен еді. Ал одан бір жасқа үлкен Арина Соболенко төртінші айналымнан асып көрген емес.

Е.Рыбакинаның өткен жылы Уимблдон турнирінің чемпионы атанғаны белгілі. А.Соболенко 2021 жылы Уимблдон мен US Open, 2022 жылы US Open додасында жартылай финалға дейін жеткен. Бұл оның «Үлкен дулыға» турниріндегі алғашқы финалы болмақ.

Қарсыластар өзара үш рет кездесіп, бәрінде де беларусьтік теннисші үш сетте басым түскен.

Финалдық матч сенбі күні Астана уақытымен сағат 14.30-да басталады.

Аустралия ашық чемпионатының жалпы жүлде қоры 51,3 млн АҚШ долларынан асады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның алғаш рет финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Аустралия чемпионатында эйс жасаудан үздік атанды.

Қазақстандық жас теннисші Аустралиядағы турнирдің финалисі атанды.

Қазақстандық теннисші қыздар Үндістандағы турнирдің финалына шықты.


Фото: ktf.kz
Соңғы жаңалықтар