Валюта бағамдары:
    usd/kzt 422.01 eur/kzt 452.06

    rub/kzt 6.75 cny/kzt 62.72
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Аурухана қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік кезінде тәулік бойы операция жасады - Алматы

2022 жылғы 26 қаңтар 19:06

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге бас дәрігердің орынбасарлары, бөлім меңгерушілері, аға медбикелер қатысты. Әңгіме барысында олар медициналық көмек көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, даму перспективалары жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Қала әкімі барлық дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне көрсеткен батылдығы үшін алғыс білдірді.

4-10 қаңтар аралығында аурухананың қабылдау бөліміне түрлі жарақатпен – оқ тиген, соққыға жығылғандар көптеп түсті. Емдеу мекемесіне барлығы 305 адам жүгінді. Аурухананың барлық 9 операциялық бөлімі тәулік бойы және үздіксіз жұмыс істеді, 259 операция жасалды.

Құрамында травматолог-дәрігерлер, хирургтер, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, медбикелер және басқа да мамандар бар 6 бригада күшейтілген режимде жұмыс істеді.

Ауыр жарақат алғандар шұғыл түрде операциялық блокқа жіберілді, орташа ауырлықтағы пациенттер бөлімшелерге жатқызылды, жеңіл жарақат алғандар тексеріліп, таңылып, амбулаториялық емдеуге үйлеріне жіберілді.

«Өте қауіпті жағдайға қарамастан, аурухана қызметкерлері нағыз ерлік пен шынайы патриотизмді көрсетті, өздерінің кәсіби борышын батыл орындады», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген 430 қызметкер материалдық көмек алады.

Аурухананың материалдық-техникалық базасын одан әрі дамыту мақсатында қала әкімі Қоғамдық денсаулық басқармасына қажетті медициналық жабдықтар мен жедел жәрдем көліктерін сатып алуға өтінім дайындауды тапсырды.

Денсаулық сақтау мекемелерін модернизациялаудың үш жылдық бағдарламасы аясында лифтілерді арнайы медициналық лифтілерге ауыстыруды қарастыру қажет.

Бүгінде аурухананың қызметі Алматы қаласының және бүкіл Қазақстанның тұрғындарына жоғары білікті шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Стационар 320 орынға есептелген. Ауруханада жетекші медициналық жоғары оқу орындарының кафедралары орналасқан.

2021 жылы клиника ауыр және өте ауыр дәрежелі COVID-19 пациенттерін қабылдай отырып, І эшелондағы жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде 5 ай жұмыс істеді. Барлығы КВИ -ден 3789 пациент емделді.

Алматы әкімдігінің арқасында аурухана орталықтандырылған оттегі станциясымен қамтамасыз етілген. «Б» және «В» класындағы медициналық қалдықтарды залалсыздандыру бойынша тез құрылатын модульдік кешендер салынды.

Бүгінде аурухана 100% медициналық газдармен қамтамасыз етілген және әр палатада оттегі консольдері орнатылған.


Автор:

Алма Мұқанова

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар