Әулиекөлдегі ауласын су басқан 12 үйдің маңы құрғатылды - әкімдік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Әулиекөл ауданында өрттен кейін салынған 91 үйдің 12-сінің кәріз жүйесі толып, ауласын су басқан. Қазір ол жерлер түгел құрғатылды. Бұл туралы аудан әкімі Ерлан Теменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірлік» шағын ауданындағы пайдалануға берілген 91 үйдің он екісінің ауласын су басты. Ол баспаналардың іргетастары барлық талапқа сай, арнайы стандарттармен жасалған. Сондықтан, бірде-бір үйдің ішіне су кірген жоқ. Су алып кеткен аймақтарда 6 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға 25 адам жұмылдырылды. Қазір барлық аулалар жиналған судан тазартылды деп айта аламын», - деп мәлім етті аудан әкімі Ерлан Теменов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртінен зардап шеккендер үшін салынған жаңа үйлердің тұрғындары ауласын су алып, септиктерінің толып кеткеніне шағымданған болатын.

Бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген облыстық құрылыс басқармасының басшысы Берік Таңжарықов бірнеше күнге созылған жаңбыр мен қар салдарынан үйлердің ауласына су жиналғанын мәлімдеген еді.

Айта кетсек, қыркүйек айында Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданында орман өртенген еді. Бірнеше күнге жалғасқан өрт салдарынан 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды. Сонымен қатар, Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.
Жуырда өрттен зардап шеккендердің жаңа баспанаға көшіп, қоныстойын тойлап жатқаны жайлы видео жарияланды.


Фото: instagram.com/kostanay_news


Соңғы жаңалықтар