Ауласында қоқыс өртеген Орал тұрғыны ауруханаға түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қоқыс жағамын деп күйіп қалған оралдық тұрғын ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Таубековтің брифингте бүгін мәлім еткеніндей, 45 жастағы тұрғын тұрмыстық қалдықтарды өртемек болған.

Соның салдарынан үшінші дәрежелі күйік алып, қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

«Бұл, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін көрсетеді. Әркім өз үйінің аумағын жанатын қалдық, қоқыс, жапырақ, құрғақ шөптен тазартып тұруы керек. Бірақ оларды ғимараттар мен құрылысқа жақын жерге жағуға болмайды. Күннің ыстығын, желдің екпінін де ескеру қажет. Әсіресе, өрт қаупі күшейетін қазіргідей кезеңде алау жағуға тыйым салынады. Карантин шектеулерінің жеңілдетілуіне байланысты тұрғындар табиғат аясына жиі шығады, балалар да көп уақытын далада өткізеді. Сондықтан өрт қауіпсіздігін сақтау адамдардың өзіне байланысты екендігін естен шығаруға болмайды», - деді Н.Таубеков.

Биыл облыс аумағында 3 орман өрті (өткен жылы осы кезеңде – 2) және жалпы ауданы 1946 гектарды құрайтын 119 (өткен жылы осы кезеңде – 115) далалы аумақтың жану оқиғасы тіркелді.

Жыл басынан өңірде болған 195 өрт (2019 жылы осы мерзімде – 234) оқиғасының 134-і (158) тұрғын үй секторының үлесінде. Салдарынан 3 адам (өткен жылы осы мерзімде – 4) қаза тапса, жетеуі (13) түрлі жарақат алды.

«Құрғақ шөпті жағуға байланысты өрттің күрт артуы байқалады. Өткен жылғы қураған шөпті өртеу табиғат үшін пайдалы және өртенген жерге шөп жақсы өседі деген қате пікір бар. Шындығында, табиғат үшін оттан асқан зиян жоқ», - делінген ТЖД ақпаратында.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Пивовар» кафесі өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар