Ауқымды операция: 11 адам ұсталып, құны 2 млрд теңге болатын киік мүйіздері тәркіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның үш өңірінде бір мезетте браконьерлер мен киік мүйізін сатып алушыларды ұстау операциясы жүргізілді. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан қалалық, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстық аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп, киіктерге заңсыз аңшылық жасаумен және одан табыс табуымен айналысқан қылмыстық топтардың жолы кесуге бағытталған ауқымды арнаулы операция жүргізді. Атап айтқанда, 8 және 9 сәуірде үш өңірдің криминалдық полиция қызметкерлері 11 адамды ұстап, олардан мыңнан астам киік мүйізі тәркіленді. Алдын ала есептеуге сәйкес, мемлекетке келген шығын сомасы шамамен 2 млрд теңгені құрайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 33-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Сараптамалардың нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген экологиялық шығын анықталатын болады.

«Қылмыстық топтың қалған қатысушыларын, сонымен қатар мүйіздерді сату арнасын анықтауға бағытталған жедел тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Шұғыла Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар