Ауқымды автомобильдік таныстырылым: Қостанайдағы зауыт ҚР Президентінің бастамасын қолдады (ФОТО)

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» өндірістік алаңдарында ҚР Президентінің «Қазақстанда жасалған» акциясын іске қосу бастамасының аясында Қостанайда шығарылып отырған жеңіл және коммерциялық көліктердің ауқымды таныстырылымы болып өтті.

Ұйымдастырушыларының атап өтуінше, шараның басты мақсаты - отандық өндірістік тауарларды қолдау және танымал ету.

Тұсаукесерге ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин, Инвестиция және даму министрлігі, Қаржы министрлігі, Алматы қалалық ІІД, Астана, Алматы, Қостанай қалалары әкімдіктерінің, сондай-ақ Ақмола, Алматы және Қостанай облыстары әкімдіктерінің, ірі бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты.

Өндірістік көрменің қонақтарына бүгінде елорданың көліктік инфрақұрылымында белсенді тартылып отырған Iveco Citelis автобусы көрсетілді.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов зауытта соңғы бес жылда болған өзгерістерге таң қалғанын жасырмады. «Бүгінгі күні бүкіл еліміз өндірістің көлемімен, жабдықтар мен мамандардың деңгейімен, қазақстандық деп аталып жүрген автокөліктермен мақтана алады», - деді ол.

Отандық өнім шығарушыларды қолдаған компаниялардың бірі - Helios «АгромашХолдинг»-пен Iveco 682 машинасының базасында шығарылған барлық 34 цистернаға келісімшарт жасады.

Құрамына «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» өндірістік алаңдары кіретін «AllurGroup» аймақтағы ірі компаниялардың бірі болып табылады. Бүгінде кәсіпорында бір жарым мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Мұндағы жұмыс орындарының саны өндіріс ошағын кеңейтудің арқасында жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Соңғы жаңалықтар