Ауғанстаннан 40-тан астам әскери Өзбекстан шекарасын бұзып өткен

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Екі күннің ішінде 40-тан астам ауғандық әскери қызметкер Өзбекстан елінің мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі ел аумағына Ауған әскерилерінің шекара бұзып өтуіне қатысты мәлімдеме жасады.

«27 маусым күні ауған шекара әскерінің бір топ әскери қызметкері және халық жасақтарының жауынгерлері, барлығы 44 адам Өзбекстанның Шортеп уезі ауданындағы мемлекеттік шекараны бұзып өтті. Бұдан бір күн бұрын, 26 маусым күні шекараның аталған учаскесінде Өзбекстан аумағына көршілес ел күш құрылымдарының 3 өкілінің кіріп кету фактісі тіркелді. Ауғанстанның барлық азаматтары еліне қайтарылды. Өзбек аумағына заңсыз кіру әрекеттеріне қатаң түрде тойтарыс беріледі», - делінген мәлімдемеде.

Ведомствоның атап өтуінше, Өзбекстан Ауғанстанмен дәстүрлі достық және тату көршілік қатынастарды, бейтараптылықты сақтауды және көрші елдің ішкі істеріне араласпауды қолдайды.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың 23 маусымында Ауғанстанның шекара әскерилері мен жергілікті жасақ жауынгерлері, барлығы 53 адам қару ұстап, Өзбекстан аумағына өтіп кетті.


Соңғы жаңалықтар