Ауғанстандағы режимнің күйреуіне не себеп – қазақстандық сарапшылар пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда Қазақстанның жетекші сарапшыларының қатысуымен Ауғанстандағы ахуалды сарапшылық талқылау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Ауғанстан Ислам Республикасындағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҰҚК «Барлау» қызметінің экс-директоры Өміртай Бітімов мұндай ахуалдың баяғыдан-ақ пісіп жетілгендігін алға тартады.

«Барлығы да қазіргі режимнің америкалықтар кеткеннен кейін ерте ме, кешпе күйрейді деп санаған еді. Ол іс жүзінде әскердің, қауіпсіздік күштердің толықтай қолдауымен тұрды. Барлық дерлік бюджет донорлардың есебінен қалыптасты. Әрине, осы 20 жылдың ішінде қоғамда әлеуметтік тұрғыда, білім беру мен мәдениетте өзгерістер болды», - деді Өміртай Бітімов Ауғанстандағы ахуалды сарапшылық талқылау барысында.

«Мұны жоққа шығаруға болмайды. Өйткені біз де гуманитарлық көмек көрсетуге атсалыстық. Біздің білім беру бағдарламамыз нәтижесін берді, прогрессивті көзқарасы бар көптеген адам шықты. Ел исламның өткенінен арыла бастады. Дегенмен, бұл режим толықтай «ағаға» сенім артып, ол экономикалық және қауіпсіздік мәселелерді қоса алғанда барлық сұрақты шешеді, біз үшін барлығын жасайды деп үміттенді», - деп қосты бұрынғы Елші.

Оның атап өтуінше, ең басты кемшілік ешкімнің де қаперінде іс жүзіндегі режимді қорғауға ниет болған жоқ.

«Осы жылдардың ішінде іс басындағы режим жемқорлыққа белшеден батып, әсіресе өңіраралық және дінаралық қарым-қатынаста беделін жоғалтты. Жергілікті жерлерде, уездерде жағдай бақылауда болғанымен тек орталықтарында ғана уездік полиция бастығы деңгейінде қамтамасыз етілді. Түнде қарапайым адам емін-еркін далаға шыға алмайды. Қарапайым адамдар полицияға жүгінгенде пара талап етілді немесе іс жүзінде проблеманы шеше алмады», - деп түйіндеді сөзін Өміртай Бітімов.

Ал ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институт директорының орынбасары, Орталық Азия бойынша сарапшы Санат Көшкімбаев бірқатар ел үшін Ауғанстанда орын алған ахуалға байланысты оң өзгерістер болатындығын айтады. Яғни, көлік дәлізі ашылады.

«Көп жағдайда ахуал тәліптердің көшбасшыларына, олардың Тегеранда, Мәскеуде, Бейжіңде және басқа да алаңдарда берген өз міндеттемелерін қалай орындауына байланысты болмақ. Геосаяси тұрғыдан алғанда әрине бұл конфигурацияның өзгеруіне алып келеді. 90-шы жылдары талибан қозғалысы пайда болғандағы тақырыптардың бірі қандай еді? Ол «Орталық Азия - Оңтүстік» көлік дәлізін ашу еді ғой. Соңғы жылдары бұл тақырыпта пікірталастың қайда жанданғанын көріп отырмыз. Мәселен, Өзбекстан үшін Оңтүстікте көлік дәлізін ашу мәселесі – бұл стратегиялық маңызды басымдық. Бұл Түрікменстан үшін де. Тіпті Тәжікстан үшін де белгілі бір мәнге ие. Тәліптер тәртіпті қамтамасыз ету арқылы бұл жобаның жүзеге асырылуына мүмкіндік береді»,- деді Санат Көшкімбаев.


Соңғы жаңалықтар