Ауғанстан Солтүстiк Қазақстаннан астық пен ұн сатып алмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов ҚР-дағы Ауғанстан Төтенше және Өкілетті елшiсi Мұхаммад Фархат Азимимен кездестi, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты талқылаған. СҚО Ауғанстан елiмен сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатқан. Жарты жылдың ішінде облыс 13 млн долларлық 60 мың тонна өнiм жөнелттi.

«Бiздiң облыс үшiн Ауғанстан экспорт бойынша басты серiктесiмiз. СҚО экспортының 28% Ауғанстанға тиесiлi. Бiз сiздерге бидай және майлы дақылдарды, ұнды және экологиялық таза өнім - биоэтанолды жеткiзуге дайынбыз», — дедi Құмар Ақсақалов.

Ауғанстан елшiсi мемлекеттiк қорға солтүстікқазақстандық бидай сатып алуға дайын екенін хабарлады.

«Бiз мемлекеттiк қорды 4 жылға қамтамасыз ету үшiн солтүстiкқазақстандық бидай алуға дайынбыз. Қазiр бiздiң сұраныс жылына 1,6 млн тоннаны құрайды. Меморандум жасауға дайынбыз. Бiз сiздерге көкөнiс, жемiс-жидек және басқа да тауарларды жеткiзе аламыз», — дедi елшi Мұхаммад Фархат Азими.

Өңiр басшысы Ауғанстаннан қысқы уақытта көкөнiс жеткiзудің солтүстік өңірдің азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететінін атап өтті.


Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар