Ауғанстан қыздары Еуроодақ есебінен еліміздің ЖОО-ларында оқиды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Еуропалық Одақ - Орталық Азия форматында сындарлы және сенімді диалогты дамытуға үлкен мән береді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушысы Бейбіт Атамқұлов ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Петер Бурианмен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Б.Атамқұлов атап өткендей, бүгінгі күні ЕО Орталық Азия елдерінің гүлденуі мен бірлігіне мүдделі және ұйым еліміздің сенімді серіктесі болып табылады.

«ЕО Арнайы өкілінің Қазақстанға сапары Еуроодақтың Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясының қабылдануы қарсаңында құжаттың басым бағыттарын өңір елдерімен ақылдасу мақсатында өтуде. Соңғы екі жыл бойы Қазақстан аймақтағы көршілес елдермен бірге құжатты дайындау шеңберінде сапалы әрі мазмұнды идеялар мен ұсыныстар жолдаған болатын.

П. Буриан қазақстандық тарапқа жаңа Стратегияның мазмұнына қатысты конструктивті ұсыныстары үшін алғысын білдірді және оның тиімді іске асырылуы барлық мүдделі тараптарға тиесілі екендігін атап айтты», - делінген ҚР СІМ-нің баспасөз хабарламасында.

Кездесу барысында адами капиталды дамыту, құқық үстемдігін және сапалы мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту, жалпы цифрландыру, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергия тиімділігін арттыру, жасыл технологиялар, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану және қауіпсіздік сияқты бағыттардың жаңа Стратегияда қамтылу маңыздылығы атап өтілді.

Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарының бірі ретінде ағымдағы жылы ЕО қаражаты есебінен Қазақстанның жоғары оқу орындарында Ауғанстан қыздарын оқытудың бірлескен бағдарламасын іске қосылуы атап өтілді. Тараптар білім беру жобасының Ауғанстандағы әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жалпы осы елдегі жағдайды реттеуге ықпал ететініне келісті.

Аймақтық ынтымақтастық мәселелерін талқылай келе, тараптар Орталық Азиядағы соңғы жылдары жоғары динамикамен ерекшеленіп келе жатқан саяси және экономикалық процестерді атап өтті. Бұл өз кезегінде өзара тиімді серіктестіктің барлық спектрі бойынша жаңа перспективалар ашатын болады.

ҚР-ЕО екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау аясында, Арнайы өкіл П. Буриан Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, қазақстандық экспортты ұлғайту, экономиканың басым секторларына еуропалық инвестицияларды тарту, біздің азаматтарымыз үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мақсатында диалогты дамыту ниеті туралы хабардар етті.

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімнің (КӘЫК) күшіне ену перспективаларын талқылады және оның өзара мүдделі көптеген салаларда екіжақты ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.

2018 жылы тауар айналымы 37,7 млрд АҚШ долларын құрады, 2018 жылдың бірінші жартысында Қазақстанның экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 12,3 млрд долларға жетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда еуропалық компаниялардың қатысуымен шамамен 3 млрд АҚШ доллары көлемінде 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. ЕО Қазақстанның сауда серіктестері арасында біздің тауар айналымының жалпы көлемінде шамамен 50% үлеспен көшбасшылықты сақтап отыр. Осы көлемді сақтап қана қоймай, оларды ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажеттілігі атап өтілді.

Кездесу соңында тараптар ағымдағы жылы өте мазмұнды болатын ЕО-ОА желісі бойынша алдағы іс-шаралар кестесін талқылады.

Соңғы жаңалықтар