Ауғанстан қазақтары баба дәстүрін берік ұстанады - Әбдіжәлел Қажысаламат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы күндері Астанада Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайы өтіп жатыр. Оған Ауғанстандағы екі жүзге жуық отбасының сәлемін ала келген арнайы өкіл Әбдіжәлел Қажысаламат мырзамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Әбдіжәлел Қажысаламат мырза, ең алдымен өзіңіз жайлы аз-кем айта кетсеңіз...

- Бұл менің Қазақстанға екінші рет келуім. Өзіміз шетте жүрсек те осындай арқа сүйер елім барына өте қуаныштымын. Алдымен өз басым туралы айтар болсам, мен - бүгінде Ауғанстан елінде тұратын қазақпын. Айналысатын жұмысым - жеке кәсіпкерлік. Сол жақтағы ұлты қазақ ағайындардың атынан құрылтайға келдім.  Өзімнің 7 балам бар, соның екеуі Қазақстанда ЖОО-да білім алуда. Қалғаны Ауғанстанда тұрады. Ал енді өзіміздің тарихымыз  жайлы айтар болсам, біздің әке-шешелеріміз Қазақстанның Маңғыстау өңірінен Сталин заманында қуғын-сүргінге ұшырап, шетел асып кеткен.  Кешеден бері мамыражай тыныш өмірде тұрып жатқан осы жақтағы қазақ ағайындарымды көріп ерекше  қуанышты көңіл-күйдемін.

- Ауғанстанда қазір қанша қазақ тұрады?

- Ауғанстанда бұдан 25 жылдай бұрын бір мыңдай отбасы болған еді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біртіндеп атамекенге көше бастады. Дәл қазіргі уақытта шамамен 150-200-дей үй қалды. Олардың көбісі - өзге ұлттардан әйел алғандар. Бірақ айта кетуім керек, біз ұлтымыздың ежелгі дәстүріндегідей басқа ұлттардан әйел алсақ та, қызымызды өзге жұртқа берген емеспіз. Бұл жағынан алғанда ауған қазақтары баба дәстүрін берек ұстанады. Олар негізінен диқаншылықпен,  ауыл шаруашылығымен айналысады.

- Сіздің жерлестеріңіздің Қазақстанға біржола көшіп келуіне жалпы не кедергі болуда?

- Олардың атамекенге келуге ынталары бар, бірақ көшіп келуге, шынын айтқанда, жағдайлары жоқ. Өзіңіз де білесіз, ол елде 35-40 жылдан бері соғыс болып жатыр. Ал тыныштығы кеткен елде өмір сүру оңай емес қой. Олардың еңсесін сол соғыс басып тұр. Мен Ауғанстандағы қазақтарға бастық болып жүрмін.  Жалпы Қазақстан мемлекеті Ауғанстанға жыл сайын көптеп көмек жасайды. Сол көмекті жоғарыдағы үкімет алады. Ал ол қазақтарға арнайы бөліп берілмейді. 2009 жылы қараша-желтоқсан айының бірінде Қазақстаннан арнайы өкілдер барды. Олар мені шақырып, жергілікті қазақтардың жалпы жағдайын сұрады. Мен оларға: «Қазақстан елімізге жыл сайын көмек көрсетеді. Ол жәрдемдеріңізді жоғары жаққа бересіздер, оның пайдасы соғыстан қалжырап отырған қазақтарға жетпейді. Сіздер қазақсыздар, бұл елде қазақ бауырларыңыз тұрады. Ендігі уақытта сол көмектеріңізден бізге де арнайы бөліп берсеңіздер» дедім. Сол өтінішімді барған басшылар жазып алып кетті, кейіннен пайдасын көрдік.  Берілген көмектің қазақтарға деген бөлігін мен сонда тұратын ағайындарға бөліп бердім. Барлығы риза болып, қазақ еліне дұға етті. Содан соң Ауғанстанда бірге тұратын өзбек, тәжік сияқты басқа ұлттарға да бөліп бердік. Олар да қатты риза болып, қазақ мемлекеті деген бір жақсы ел екен деп дұға қылды. Бірақ содан бері қазақ елінен мемлекетке көмек жасағанымен, қазақтарға арнайы көмек үзіліп қалды.

- Дәл қазіргі уақытта Ауғанстан еліндегі қоғамдық жағдай қалай?

- Елде соғыс болып жатыр, жағдай қиын. Тыныштығы бұзылған елде жағдайыңды жасап, тұрмысты түзеп кетуге мүмкіндік аз...

- Сіз арнайы Ауғанстаннан шақырылған қонақ ретінде бұл жолғы  Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында қандай ұсыныс айтпақсыз?

- Қазақстан үкіметі Ауған еліне беретін мемлекетаралық қаражатынан ол жақтағы аз ғана қазақтарға жәрдем, көмек берсе немесе атамекендеріне көшіріп алу жағына күш қылса. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, елімізде соғыс оты өшпей тұр. Сонымен қатар қазіргі қазақ жастары ауған тілінде 12 жылдықты бітіріп әрі қарай жоғарлап оқуға мүмкіндіктері болмай қалып жатады. Сондықтан жыл сайынғы Ауғанстан еліне бөлінетін оқу гранттарын қазақ жастарының алуына мүмкіндік жасалса деген ұсыныстарымды айтсам деген ойларым бар.

- Сұхбатыңызға рахмет.

 

Соңғы жаңалықтар