Ауған соғысы ардагерінің тағдыры туралы отбасылық драма көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Кебенек» атты отбасылық драма жанрындағы телехикая көрерменге жол тартпақ. Туындыда қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейдінің кебін киген Ауғанстан соғысы ардагерінің өмірі суреттеледі. Аталмыш драманы 4 қарашадан бастап «Хабар» телеарнасынан тамашалай аласыздар.

Ауған соғысының ардагері Жасұзақ Құрақбайұлы аудан, облыс көлеміне танымал азамат. Мінезі салмақты, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезді, батыл, ержүрек адалдығы мен адамгершілігін ел мойындаған жігіт. Тар жол тайғақ кешуден тайсалмай өткен тағдыры бар,бүгінде ауыл мектебінің әскери пәні мұғалімінің ғұмыры - «Кебенек» туындысына арқау болады.

Ауғанстан. 1988 жыл. Кезекті тапсырма бойынша жау тылын бақылау үшін бір топ барлаушылар шолғынға шығады. Алайда мина жасырылған соқпақта жарылысқа тап болады. Барлаушылар шебіндегі бүкіл сарбаздар қаза болып, тек Жасұзақ аман қалады. Жарылыс туралы мәлімет орталыққа жетісімен, тікұшақ жедел түрде оқиға орнына келіп қонады. Санитарлар қаза болғандардың мәйіттерін асыға тией бастайды. Жарылыстың толқынымен шалғай жаққа ұшып, ес-түссіз жатқан Жасұзаққа кезек келген кезде - тікұшақ командирі салмақ артықтығын, тікұшақтың көтере алмайтындығын айтып, тоқтау салады. Санитар командирдің берілген нұсқауымен Жасұзақтың қойнындағы құжаттарын апыл-ғұпыл алып, оның өлі-тірісін анықтамастан тікұшаққа жанұшыра жүгіреді. Есін жиған Жасұзақ әуедегі тікұшақты көріп, жат жерде жалғыз қалғаным ба деп ойлап үлгергенінше көктегі тікұшақ жарылып, күл талқаны шығады. «Көрер жарығым бар екен ғой», - деп күбірлеп жатып талықсып кеткен Жасұзақ есінен танады.

Ауылына Жасұзақтың табыты салтанатты түрде келіп, жерлеу рәсімі өтеді. Оның ерлік жолында қаза болғаны үшін «Қызыл орденді» әкесі Құрақбайдың кеудесіне қадап кетеді. Басына ескерткіш қойылып, көшенің аты беріледі. Бүкіл ауыл Жасұзақты өлдіге санап жүргенімен, тек ақсақал баласының тірі екендігінен үміт үзбейді. Аузынан қайда жүрсе де «Кебенегім» келеді дейтін сөзін тастамайтын Құрақбай шалды көрген көпшілік ауруға балағалы қашан...

Ақсақалдың үкілеген үміті ақталып, Ауған соғысындағы жарылыстан кейін «өліге» саналған «Кебенек» аман-есен еліне оралар ма екен? Өлдіге саналған, алайда тірі қалған Жасұзақтың ендігі тағдыры не болмақ?!

Қатал тағдыр тәлкегіне толы «Кебенек» драмасын 4 қарашадан бастап, «Хабар» телеарнасынан тамашалаңыздар.

Телехикаяда басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Фариза Ескермес, Ербол Семқұлов, Ержан Жырылқасынов, Алтынай Нөгербек, Әмина Оразбай, Тамирис Жанғазинова және т.б. актерлар сомдайды.

Соңғы жаңалықтар