Ауған дағдарысы көрші мемлекеттердегі жағдайды ушықтырады – Сергей Лавров

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ауған дағдарысы шекаралас мемлекеттердегі террористік қатерді және есірткінің заңсыз айналымы проблемасын шиеленістіріп, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл туралы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференцияның пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Ауғанстандағы жағдай ушығып, қазіргі жағдайда көршілес мемлекеттерге салқынын тигізуі мүмкін.

«АҚШ пен НАТО контингенттерінің асығыс шығарылуына байланысты осы елдегі және оның айналасындағы әскери-саяси жағдайдың дамуындағы белгісіздік күрт өсті. Ауған дағдарысы шекаралас мемлекеттердегі террористік қатерді және бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен есірткінің заңсыз айналымы проблемасын шиеленістіреді»,– деді С.Лавров.

Ресей СІМ басшысы Ауған қақтығысын бейбіт жолмен реттегеннен кейін ғана Ауғанстанды өңірлік ынтымақтастыққа толыққанды тарту мүмкін болатынын айтты.

«Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын көліктік-логистикалық және энергетикалық жобаларды ілгерілету жоспарлары қауіпсіздік жағдайын толық көлемде ескеруі тиіс. Тек ауғанішілік жанжалды жан-жақты реттегенде ғана Кабулдың қатысуымен экономиканы қоса алғанда, барлық бастамаларды табысты жүзеге асыруға болады», – деді С.Лавров.

Естеріңізге сала кетейік, 15-16 шілдеде Ташкентте «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференция өтіп жатыр. Оған Өзбекстан президенті Ш. Мирзиеев, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан, Еурокомиссияның вице-президенті Жозеп Боррель, Орталық Азия, РФ, Үндістан, Қытай елдерінің Сыртқы істер басшылары қатысуда.


Соңғы жаңалықтар