Әуезовтің мерейтойына арналған Семейдегі конференцияға 5 елдің ғалымдары қатысты

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Семей қаласында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған конференцияға 5 елдің ғалымдары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте «Мұхтар Әуезов және ұлт өркениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Заңғар жазушының 125 жылдығына арналған шараға қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне өзіндік үлес қосып келе жатқан азаматтар мен Нидерланд, Түркия, Қытай және Өзбекстан елдерінің ғалымдары қатысты.

Шара М.Әуезовтің кемеңгерлігі, даралығы мен рухани мұрасын насихаттауға, қазақ және әлем әдебиетіндегі аударма мәселесіне арналды. Жиынның салтанатты ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, абайтанушы-академик Ғарифолла Есім мен Ташкент мемлекеттік университетінің профессоры Абдулла Улугов сөз алды.

Конференция барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Дандай Ысқақұлы «Мұхтар Әуезовтің аудармашылық өнері», Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез «Көксеректің көзімен Мұхтар Әуезов», профессор Арап Еспенбетов «Мұхтар Әуезовтің бір мақаласы хақында», доцент Жандос Әубәкір «Мұхтар Әуезовтің даралығы», Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Айжан Қартаева «Мұхтар Әуезов мұрасындағы түркі әлемі» тақырыптарында баяндама жасады.

Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің айтуынша, Абай аңсаған, Әуезов армандаған толық адам, кемел тұлғаны қалыптастыру мақсатында ЖОО-да «Абай және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

«Барлық мамандықтарда «Абай әлемі» пәні оқытылады. Бұл пәнді оқыған әрбір студент абайтанушы, не мұхтартанушы болып кетпес, бірақ ізгілікке шақырған тұлғалар сөзі әр студенттің жүрегіне тұнса – онда біздің мақсатымыздың орындалғаны», - деді ЖОО.

Конференция аясында қатысушылар жазушының әдеби мектебі, өзі негізін қалаған «Абай» журналының бүгінгі тағдыры, ғылыми өмірбаяны, ұлттық құндылық, ана тілі, Әуезов шығармаларын сахналандыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

Сонымен қатар жиында әлемдік деңгейдегі монументалды өнер туындыларын Әуезовтің көркем шығармаларындағы кейіпкерлерге арналған композициялық ескерткіштер мен IT өнімдер, анимациялық туындыларын жасау керектігі айтылды.


Соңғы жаңалықтар