Әуежайлар жыл соңына дейін салықтың бірнеше түрінен босатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әуе тасымалы саласын қолдау мақсатында мемлекет қандай жеңілдіктерді ұсынғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әуе тасымалы саласын қолдау мақсатында жыл соңына дейін әуежайлардан жер салығы мен жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем, сондай-ақ ұшақтардың қосалқы бөлшектерінің импортына қосылған құн салығы және авиакомпаниялар үшін резидент еместердің қызметтері бойынша қосылған құн салығы алынып тасталды», - деді Руслан Дәленов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр сондай-ақ, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары 2020 жылдың 1 қазанына дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен міндетті төлемдерден босатылғанын жеткізді.

«Сол секілді жеке тұлғалар үшін жыл соңына дейін салықтық рақымшылық енгізілді. Салықтың негізгі сомасын төлеген кезде өсімпұл мен айыппұл есептен шығарылады. Халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын жүзеге асыратын кәсіпкерлерді қолдау үшін жыл соңына дейін ершікті тартқыштарды алғашқы тіркеу үшін алым алынып тасталды. Салықтық әкімшілендіру бөлігінде жыл соңына дейін резиденттік сертификаттарын ұсыну мерзімдері ұзартылды, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде ресімделген құжаттардың сканерленген көшірмелерінің заңдылығы танылды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар