Әуесқой балықшылар Жайық жағалауынан 15 тонна қоқыс жинады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Әуесқой балықшылар Жайық жағалауынан 15 тонна қоқыс жинады. 20 ерікті теміржол көпірінен айналма жол көпіріне дейінгі 700 метрлік жағалауды тазартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 11 тамызда өткен «Balyqshy Atyrau 1» әуесқой балықшылар клубы ұйымдастырған акция негізінен халықтың экологиялық тәртібін сақтауға және судың ластанбауына, сондай-ақ, демалыс маусымы кезінде жағалау аймағын жақсартуға бағытталған.

Клубтың қатысушылары жиналған қоқыстың басым көпшілігі пластикалық және шыны бөтелкелерден, полиэтиленді пакет және 90-шы жылдардан қалып кеткен қоқыстан тұратынын айтады. Сонымен қатар, «Спецавтобаза» ЖШС-ның екі жүк көлігі және тиегіш машинасы жиналған қоқысты арнайы полигоға жеткізді.

Ұйымдастырушылар осындай шараны дәстүрлі түрде өткізуге ниетті.

«Бұл - ерікті бастама. Көптеген адамдар қоршаған ортаны таза ұстауға дайын. Біздің мақсатымыз - табиғатымызды сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсету. Келесі демалыс күндері біз «Жилгородок» ықшамауданынан «Балықшы» ықшамауданына дейінгі жағалау маңын тазалайтын боламыз. Барша қатысамын дейтін жандарды қатарымызға қосамыз. Уақыт өте келе біз жағалауды қалдықтардан толық арылтамыз», - дейді «Balyqshy Atyrau 1» әуесқой балықшылар клубының ұйымдастырушысы Алтынбек Пшенбаев.

Айта кетейік, «Balyqshy Atyrau 1» әуесқой балықшылар клубында қазір шамамен 170 адам бар. Бұған дейін, клуб мүшелері Теңдік және Жұмыскер ауылдарында тазалық жұмыстарын жүргізген болатын. 

Соңғы жаңалықтар