Әуекомпанияларға 40 млн теңге айыппұл салынды - Азаматтық авиация комитеті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда жолаушылар тасымалымен айналысатын әуекомпанияларға 40 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Тимур Ластаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы сомасы 40 млн теңге болатын 14 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл салыстырмалы түрде аз сияқты көрінуі мүмкін, бірақ тасымалдаушылар үшін бедел өте маңызды. Олар қандай да бір олқылықтар үшін жауапкершілікке тартылған кезде, бұл компаниялардың беделіне нұқсан келтіреді. Дәлелденген жағдайда біз әрқашан жолаушылардың құқығын қорғаймыз», - деді Талғат Ластаев.

Сонымен қатар, ол әуе кемелері паркінің қалай жаңарып жатқанына да тоқталды.

«Өткен жылы батыс елдерінде шығарылған 14 жаңа әуе кемесі сатып алынып, парктегі жалпы ұшақ саны 87-ге жетті. Биыл біздің авиакомпаниялар тағы 3 әуе кемесін алды. Жыл соңына дейін 10 ұшақ әкелу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 29 әуе кемесін сатып алу көзделуде» - деп түйіндеді Талғат Ластаев.

Қоса кетсек, бүгін Air Astanа әуекомпаниясының президенті Питер Фостер Fly Arystan Air Astanа-дан бөлінсе, онда тарифтер төмендемейтінін мәлімдеген еді.

Ал, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әуекомпанияның жолаушымен диалог орнату мәдениетінің төмендігін сынға алды.


Соңғы жаңалықтар