Әуе тасымалын субсидиялау ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді - Дәурен Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 16 бағыт бойынша әуе тасымалын субсидиялауға 3 млрд теңге жұмсау қаншалықты пайдалы? Бұл сауалға Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті әуе сапарларын 16 бағыт бойынша субсидиялау туралы хабар таратқан болатын. Жаңалыққа көп адамдар мән бермей қалған сыңайлы. 10 мың теңгеге Алакөлге ұшып жету, әлбетте, көпке ыңғайлы болар еді. Алайда мемлекет тарапынан бюджеттің 3 млрд теңгесін бұл мақсатқа жұмсау қаншалықты пайдалы?», - деп сұрақ қойды бағдарлама жүргізушісі.

Дәурен Абаевтың бұл сауалға берген жауабына сүйенсек, мұндай шешім ең алдымен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қабылданады.

«Көптеген елдерде туризм мен аймақтарды дамыту үшін жолаушылардың әуе тасымалы субсидияланады. Бізге Мемлекет басшысы туристік саланы дамыту туралы тапсырма берген болатын. Әуе бағдарларын дамыту да өз кезегінде Қазақстандағы туристік салаға өзіндік пайдасын тигізері анық», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, екіншіден мұндай шешім аймақтардағы авиатасымалдарды дамытуға серпін береді.

«Мәселен, Қарағанды-Қызылорда немесе Петропавл-Шымкент арасында ұшып баратындар Астана мен Алматы арасындағы жолаушылардан аз болса да, қалалар арасындағы қашықтықты ескерсек, маңызды. Бұл ретте жалпы Үкімет мен Инвестициялар және даму министрі үлкен жұмыс атқарғанын ерекше атап өту керек», - деді ол.

Министр сонымен бірге, ішкі туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар қазірдің өзінде басталып кеткенін айтты.

«Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға артқан еді. Отанында демалуды 5,5 миллионға тарта қазақстандық қолай көрді. Алакөлдің өзінде биыл 1 миллионға тарта турист демалған. Бұл көрсеткішке жаңа әуежайдың да арқасында қол жеткізілгенін айта кету керек. Білесіз бе, өз жеріміздің табиғаты қаншалықты бай екенін байқай бермейміз. Жаңа әуе тасымалы осынау бос орынды толтырар деп сенеміз», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар