Аударыспақтан Қазақстан чемпиондары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы қаласында ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан Жасөспірімдер арасындағы ел біріншігінде аударыспақтан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығынан мәлім еткендей, турнир «Байсерке» ипподромында өтуде. Аударыспақтан 2001-2003 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында өткен ҚР біріншілігінде 40, 50, 60, 70 және 70 келіден жоғары салмақтардағы шеберлер сынға түсті.

Нәтижесінде, 40 келі салмақта Ақтөбе облысының тумасы Мейірман Әріпов чемпион атанды. Екінші орынды түркістандық Азамат Жұмабек иеленсе, үздік үшінші орынды Жамбыл облысынан келген Айбек Жапаров жеңіп алды.

50 келі салмақта бас жүлдені түркістандық Бекзат Қамбар қанжығасына байлады. Екінші орынға ақтөбелік Абай Тұрсынбаев, үшінші орынға жетісулық Сұңқар Тәукебаев ие болды.

60 келі салмақта батысқазақстандық Мирас Берікбаевқа тең келер ешкім болмады. Екінші орынды Алматы облысының спортшысы Еділ Ерболатұлы, үшінші орынды ақтөбелік Әлішер Сәлімжанов жеңіп алды.

70 келі салмақта чемпиондық атаққа түркістандық Расул Құрайыш ие болса, күміс жүлдені қарағандылық Төлеген Мадияр қанжығасына байлады. Қола медаль жамбылдық Ағаділ Ахатбекке бұйырды.

70 келіден жоғары салмақта сынға түскен аударыспақшылар арасында Ақтөбе облысының тумасы Аслан Есенғарин бас жүлдені жеңіп алса, жамбылдық Асланбек Сүндетов екінші, Алматы облысынан келген Айдар Ділдәбек үштікті қорытындылады.

Айта кетейік, кеше көкпардан топтық кезең мәресіне жетті. Чемпионат бағдарламасына сәйкес, 29 маусым күні теңге ілу мен жамбы ату бәсекелері өтсе, көкпардың финалдық ойындары мен жарыстың жабылу салтанатты 30 маусымға жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар