Аудандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыруға дайын - Қостанай облысы

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Сенаторлар Серік Бектұрғанов пен Жеңіс Нұрғалиев жұмыс бабындағы сапар аясында Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы орталық аудандық ауруханада болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесімен және стационардың жұмыс жағдайымен танысты.

Аурухана қызметкерлерімен және пациенттермен әңгімелесу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға көшу мәселелері түсіндірілді.

Амбулаториялық негізде емделіп жүрген науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүздесудің жеке тақырыбы болды.

Аурухананың бас дәрігері депутаттарды халыққа қызмет көрсетуді цифрландырудың барлық кезеңдерімен таныстырды.

Парламентшілер орталық аудандық аурухананың медициналық қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге толық дайын екендігіне сенім білдірді.

Сондай-ақ бүгін сенатор, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков аймақтарға сапар аясында Талғар ауданында бірқатар кездесулер өткізді.

Аудан әкімі Жолан Омаровпен және «Қазавтожол» өкілдерімен кездесу барысында республикалық маңызы бар Алматы-Талғар-Евгеньевка автомобиль жолын жаңарту және кеңейту мәселесі бойынша депутаттық сауалдың орындалу қорытындысы қаралды.

Полиция басқармасының жеке құрамының қатысуымен өткен семинар - кеңесте сенатор құқық қорғау органдары жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңа реформалар туралы айтып, ІІМ реформасына үш жыл ішінде 1,73 млрд теңге бөлінетінін хабарлады. Шараға қатысушылар құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалауға қатысты басқа да бірқатар мәселелерді талқылады. Кездесу барысында кадрлардың, әсіресе учаскелік полиция инспекторларының жетіспеушілігі сияқты проблемалық мәселелер көтерілді. Осыған байланысты халық санын ескере отырып, штат санын қысқартудың оңтайлы жүйесін пысықтау қажеттігі, сондай-ақ полиция ғимаратының қанағаттанғысыз жағдайына назар аудару керектігі айтылды.


Сол күні орталық аудандық аурухананың дәрігерлерімен де кездесу болды. Сенатор ауруханадағы өзекті мәселелерімен танысты. Жедел жәрдем бригадаларының 2 және одан да көп сағатқа дейін кешігуіне байланысты тұрғындардың шағымдарын ескере отырып, әкімшілік жедел жәрдем қызметін аудандық аурухананың қарамағына қайтару мәселесін қарастыруды өтінді. Сондай-ақ орталық аурухананың материалдық-техникалық жабдықталуына қатысты жағдайлар, оның ішінде мұндағы парк 4 жылдан бері жаңартылмағаны айтылды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі, оның ішінде тұрғындар арасында хабардар ету жұмыстарының жеткіліксіздігі қозғалды. Кездесуде сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы талқыланды, дәрігерлердің пікірінше, бұл салада көптеген мәселелер бар.

Парламентшілер облыстық кәсіподақ ұйымының қызметімен танысты

Ал Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген сенаторлар Мұратбай Жолдасбаев, Қайрат Қожамжаров және Абдалы Нұралиев облыстық кәсіподақ ұйымының басшылығымен және мүшелерімен кездесті.

Кездесуде ұжымдық шарттар, қызметкерлердің қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, шағын және орта бизнесті қолдау мен жалақы мәселелері талқыланды.

Парламентшілер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларының негізгі ережелерін түсіндірді.

Бүгінгі таңда облыстық кәсіподақтар бірлестігіне 120 мыңнан астам адам мүше болып отыр. Аймақтағы 15 салалық кәсіподақ ұйымдарында 1300-ден астам бастауыш ұйым жұмыс істейді.

Депутаттар «Talas Investment Company» серіктестігінің қызметімен де танысты. Кәсіпорын 570 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың негізгі бөлігі жергілікті тұрғындар болып табылады.

Сондай-ақ Талас аудандық орталық ауруханасы мен «Қазфосфат» ұжымдарымен де кездесулер болды.


Соңғы жаңалықтар