Аудан, ауылға барып, оқушылармен кездесуге дайынмын - Амангелді Айталы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, ардагерлермен кездесу өткізді. Басқосуда қоғам қайраткері Амангелді Айталы жастарды тәрбиелеу үшін аудан, ауылға барып, оқушылармен кездесуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі үкіметтік емес ұйым өкілдері жастарды тәрбиелеу жолдарымен бөлісті. Ардагерлер мен әр салада еңбек етіп жүрген зиялы қауым өкілдері ұлт тәрбиесінде қолдан келер көмекті беруге дайын. Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы қажет болса аудан, ауылға барып, мектеп оқушыларымен кездесуге әзір екенін жеткізді.

«Біз қандай қоғамда өмір сүртіп жатырмыз? Жастардың, адамдардың негізгі ұстанымдары қандай? Бұл бәрімізді де толғандыратын сұрақ. Біз тұтынушы қоғам құрдық. Яғни, дүниеқор, ақша алдына шыққан, рухани құндылықтары кейін қалған қоғам. Социолистік қоғамда анаған да, мынаған да қолымыз жетпеді. Мына заман келді, бәріне қолымыз жетті. Бәсеке кетті, тәрбие, рухани мәселе кейінге қалды. Президент Жолдауында адами факторды үлкен мәселе етіп қойды. Менің көңілім толмайтын нәрсені айтайын. Есеп берілді, бірде-бір әкім «қоғамда адамдар не болып жатыр» деген сұраққа жауап бермеді.  Әлгі тонна, теңге, миллиард, километр барлығы айтылды. Ақтөбе облысында қанша адам туды? Қанша адам өлді? Не себепті өлді? Қандай аурудан өлді?  Қанша отбасы ажырасты? Қанша бала жетім қалды? Қанша жалғызбасты әйел бар? Не болып жатыр адамдар? Неше адам жұмыссыз? Жастары нешеде? Ауыл ма, қала ма? Білмейміз. Бәрі бір сандық көрсеткіш, ақша. Бір мектептің директоры айтты, «менің оқушыларымның 45 пайызында әкесі жоқ, ажырасқан отбасы. Ол балалардың психологиясы әке-шешесі бар отбасындай емес. Менің мұғалімдерімнің басым бөлігі әйелдер. 40 пайызы ажырасқан. Әкесі жоқ, байы жоқ, сыныпта шарт-шұрт болады» дейді. Менің айтайын дегенім, балалар өте жақсы. Біздер нашармыз. Көргенді көргенсізбіз»,- деді Амангелді Айталы.

Студенттер алдында дәріс оқып, қаладағы мектеп оқушыларымен кездесіп тұратын қоғам қайраткері жастарды ойналдынатын бірнеше мәселені ашық айтты. «Біріншіден, жастарды жер мәселесі, екіншіден, тіл мәселесі, үшіншіден, жемқорлық жайы алаңдатады. Жастар осыларға риза емес. Айтпаса, ақиқат өледі, айтсам өзім өлемін. Мүмкін шындық айтып қояды деп енді кездеспеспіз. Бірақ, жастар бақылаусыз, зерттеусіз қалды. Көрші Ресейде әлеуметтік институт бар. Жастарды жақсы зерттейді. Бізге де сол саланы дамыту қажет», - деді А. Айталы.

Қоғам қайраткері басқосу кезінде лаңкестік оқиғасына да тоқталып кетті. «Студенттердің сұрақтарына, ойларына арнайы уақыт бөлемін. Бір байқағаным, кейбір балалар террористерге жаны ашиды. «Ашынып барды ғой, соған жеткізді ғой» дейді. Кімнен естіп жүр? Құрбан болып кеткен жастар сияқты айтады. Шын мәнінде осыны айту керек. Сондықтан, ойланатын мәселе өте көп. Біздерден көмек керек болса, ауылға баруға дайынбыз. Барып, оқушылардың сұрағына жауап береміз»,- деді А.Айталы. 

Соңғы жаңалықтар