Ауа райының қолайсыздығынан АҚШ-та 2,5 мыңнан астам рейс кешігуге мәжбүр болды

None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ-тың ірі қалаларында қолайсыз ауа райына байланысты (жаңбыр, дауылды жел мен қар) 63 рейс тоқтап, жексенбі күні таңертең тағы 2 564 әуе рейсі кешігуге мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

FlightAware.com мәліметтері бойынша Алғыс айту күніне сапарларын жоспарлаған 55 миллионға жуық адам қолайсыздыққа тап болды.

Жексенбі күні елдің оңтүстік-шығысында Теннесси штатының Мемфис пен Нэшвилл, Кентуккидегі Луисвилл және Солтүстік Каролинадағы Ашвилл қалаларында шамамен 14 миллион адамға желдің екпіні сағатына 40-56 км болатыны туралы ескертілді. Кентукки штатында құйын жылдамдығы сағатына 85 км-ге жетті.

Сол күні Солтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Шығыс штаттарына, орта Атлантикаға және Ұлы көлдер аймақтарына қатты жаңбыр жауды. Ол Чикаго, Сент-Луис, Детройт, Индианаполис, Кливленд, Атланта, Нэшвилл, Теннесси, Шарлотт, Вашингтон, Нью-Йорк және Бостон сияқты қалаларда таңертеңгі рейстерге қауіп төндірді. Дауылдың салдарынан жауын-шашынның жалпы мөлшері елдің шығыс бөлігінде 12,7 мм-ден 31,75 мм-ге дейін болды.

Жексенбі күні ең қалың қар Юта, Вайоминг және Колорадо штаттарына жауды. Метеорологиялық қызметтің мәліметтері бойынша жауын-шашынның жалпы мөлшері 15,24 см-ден 30,48 см-ге дейін болды, ал жоғары биіктікте қар одан да қалың жауған болуы мүмкін. Бұл аймақта желдің екпіні сағатына 48-ден 80 км-ге дейін болды, салдарынан жол көрінісі айтарлықтай нашарлап, сапарларға қауіпті төндірді.


Ашық көздерден алынған фото



Соңғы жаңалықтар