Атышулы Құрманғазы мен Пушкин постерін шығарушылар 34 млн. теңге айыппұл төлейтін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісіп тұрғаны бейнеленген атышулы постерді шығарушылар ісі бойынша өткен сотқа бүгін нүкте қойылды. Елдің абыройын таптаған постерді жариялаған Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігі 34 млн. теңге моральдық шығын өтейтін болды.

Естеріңізге сала кетейік, Алмалы аудандық сотына осы мәселе бойынша Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ұжымы арыз түсірген болатын. Онда оқу орны ұжымы агенттіктен 34 млн теңге, сондай-ақ республикалық БАҚ арқылы көпшіліктен кешірім сұрауын талап еткен.

Студенттер мен оқытушылардың арызында жарнама рейтингін қуған постер авторларының ұлы өнер қайраткерлерін қорлағаны айтылған.

Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігінің бас директоры Дария Хамитжанова компанияның Құрманғазы атындағы консерваторияға миллиондаған моральдық шығын өтейтін ақшасы жоқ екенін айтты.

"34 млн. теңге - орта бизнес субъектісі үшін өте үлкен сома, ондай ақша жоқ. Бізден тек жазу стөліміз, қағаз-қаламымызды тәркілемесе, басқа қалай төлейтінімізді білмеймін», - дейді компания жетекшісі.

Қорғаушы Жохар Өтебеков болса, аталған сот үкіміне апелляциялық шағым түсіруге ынталы екендігін жеткізді.

Бұған дейін соттың Пушкин мен Құрманғазының сүйісіп тұрғанын бейнелегендерге айыппұл салғаны хабарланған болатын. Әкімшілік арызды Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы ұсынды. Сот жарнама агенттігінің бас директорына 129 640 теңге (70 АЕК), агенттікке 185 200 теңге (100 АЕК) көлемінде айыппұл салды.

Еске сала кетейік, "Студия 69" клубын жарнамалайтын постер әлеуметтік желілерде 24 тамыздан бастап таралды. Бұл сурет қоғам өкілдерінің наразылығын туғызды, наразы болғандар полицияға шағымданып, принт авторларын жауапкершілікке тартуды талап етті. Компания ресми түрде кешірім сұрап, постердің басып шығарылмайтынын және қайта жарияланбайтынын айтты.

Соңғы жаңалықтар